Бүгін:
kz ru

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» жобасы аясында «Күмбірле, домбыра» атты қазақтың ұлттық аспабы домбырамен ән салу және күй тарту байқауы

Қазақтың қара домбырасының үні-күй өнері, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлтымыздың рухани құндылығы. Қос ішектің күмбірімен шанағынан сыр ақтарған домбыра тілі — ел өнерін жаһанға танытқан асыл әуен. Қазақ тарихының өнер әлемінде тылсымнан тербеп күй төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Есір, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгір, Қазанғап т.б. күй қырандарының дәстүрлі жолын ұстанған ұрпақтар, күй өнерінің дарабоздары, күйші, дәстүрлі әнші, домбырашылар қаншама десенші! Осы ата – бабалар тастап кеткен асыл мұрамызды жалғастыру мақсатында 2019 жылдың 10 қазан күні Шу қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен желілік кестеге сәйкес, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» жобасы аясында «Күмбірле, домбыра» атты қазақтың ұлттық аспабы домбырамен ән салу және күй тарту байқауы өткізілді. Байқауға қала мектептерінің оқушылары қатысты.
Байқауға қазақтың ұлттық аспабын аса қадірлейтін, қазақ өнерінің жан ашыры, әуесқой композитор, бірнеше байқаулардың жеңімпазы, Саз мектебінің ұстазы Таткеев Нұрлан Бекбауұлы, Шу қалалық мәдениет үйінің «Домбыра дастан» домбырамен ән салу үйірмесінің жетекшісі Бойдақова Ботагөз Асылханқызы және қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Самбекова Айнұр Қошанқызы әділ бағаларын қойды.
Атап айтсақ, «Домбырамен ән салу» номинациясы бойынша С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің оқушылары Асан Сайынқожа І орын, Көкірекбай Али ІІ орын, Қырықбай Айбол ІІІ орын иеленсе, «Күй тарту» номинациясы бойынша Бас жүлдені №1 Балалар Саз мектебінің оқушысы Елеукен Алмас қанжығасына байласа, І орынды С.Сейфуллин мектебінің оқушысы Қырықбай Айбол, ІІ орынды А.С.Макаренко мектебінің оқушысы Жұмабай Нұрбол, ІІІ орынды №1 Балалар Саз мектебінің оқушысы Тәжібайқызы Жұлдыз иеленді. Белсене қатысқаны үшін Ы.Алтынсарин мектебінің оқушысы Мұса Данияр және № 1 Балалар Саз мектебінің оқушысы Нұрасыл Зарлық марапатталды. Барлық жүлделі орын алған қатысушыларға сыйлықтар мен грамоталар табыс етіліп, соңынан естелікке суретке түсті.
 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз