Бүгін:
kz ru

9 мамыр Ұлы ЖЕҢІСТІҢ 73 жылы

9-мамыр  Ұлы Жеңістің 73 жылы

9 мамыр-өлшеусіз даңқтың, өшпес қаһармандық ерліктің, халқымыздың шексіз, мұқалмас қайратының мерекесі. Ұлы Жеңіс күні бейбітшілікті сүйгіш барша адамзаттың мерекесі. Жеңіс күні бүгінгі жеңімпаз ұрпақтың балалары мен немерелері үшін жарқын да қасиетті мереке.

Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесін тойлау үшін аудан жұртшылығы «Даңқ» монументінің қасына көптеп жиналды.Ұлы Отан соғысы ардагерлері жаңатастық Михаил Авдеев пен саудакенттік Қабыл Ібіжановты арнайы безендірілген көлікпен алып келді. Майдангерлерді аудан басшылары құрметпен қарсы алды.

Митингіде әдеттегідей «Мәңгілік полк» шеруі ұйымдастырылды. Осынау Ұлы Жеңіс мерекесіне жетпей қалған соғысқа қатысқан сарысулық ардагерлердің үлкейтілген суреттерін қос қолымен жоғары ұстаған үрім-бұтақтары ерекше мақтаныш сезіммен тұрды. Осы күндері марқұм болып кеткен ардагерлердің суреттері сап түзеген мәңгілік полктай көз алдымызда елестегендей әсер қалдырды. Қыран тұлғалы бабалардың ер-баһадүрге тән суреттерін жоғары ұстаған ұрпақтары тағылымдық жағынан осынау Ұлы Жеңістің, бейбітшіліктің мән-маңызын түсіндіріп, санаға бір түйгендей әсерде болды.Іс-шарада аудан әкімі Балабек Нарбаев құттықтау сөз сөйледі.

Мұнан соң, Жаңатас қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы, капитан Асан Пшаев та сөз сөйлеп, ел басына күн туған қиын-кезеңде ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған аға буын өкілдері алдында өлшеусіз қарыздар екендігімізді, олардың есімдері халықтың жүрегінде мәңгі сақтаулы болатынын айта келіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген өзінің ыстық лебізін жеткізді. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары мен «Айгөлек» балабақшасы тәрбиеленушілерінің мәнерлеп оқыған жалынды жырлары іс-шараға ерекше бір серпін берді. Сондай-ақ, қолдарындағы гүл шоқтарын Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне тарту етті. Қасиетті де қастерлі Жеңіс күніне деген риясыз құрметті жерлестеріміздің көз жанары мен басқан нық қадамынан-ақ байқауға болады. Бұл-Ерлікке тағзым! Ал қан майданда қасық қаны қалғанша жауға қарсы беттеген жауынгерлердің рухы «Даңқ» мемориалын айналып өтпесе керек-ті. Жиналған жұртшылық от пен оқтың арасында Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі мен есімін бірауық үнсіздікпен еске алды. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Мемориалдан алаңға дейінгі жолдың екі жағынан қолдарына гүл, шар, жалау ұстаған колледж студенттері Ұлы Отан соғысы ардагерлері мінген автокөлік пен аудан басшылары және «Мәңгілік полк» құрамына қатысушы аудан жұртшылығын қарсы алып, орталық алаңға дейін шығарып салды.

Орталық алаңда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығына арналған «Мың тағзым, саған, Жеңісім!» атты театрландырылған мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік шараның «Соғыс алдында» 1-бөлімінде «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін жезтаңдай әнші Мейіржан Омаров орындап, «Айжанқыз» халықтық би ұжымы вальс әуенімен би билеп, соғыс алдындағы бейбіт, тыныш өмірді көрсетті. Сондай-ақ, сұм соғыстың басталғанын естіген ауыл тұрғындарының ер-азаматтарды майданға аттандырғанын сахнаға шығарды. Ал, екінші «Сұрапыл соғыс» бөлімінде алаңға ақ атпен Ұлы Отан соғысының батыры, Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлы шығып, әкесінің батасын алып, майданға аттанғаны және үшінші «Соғыс» және төртінші «Ұлы Жеңіс» бөлімдерінде Бауыржан Момышұлының соғыстағы ерлігі, Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккені көрсетілді.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Балабек Нарбаев аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады және облыстық алғашқы әскери дайындық пәні оқытушыларының байқауында, сондай-ақ, жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеуде жеткен жетістіктері үшін Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқытушы-ұйымдастырушысы Рашит Кенешбаевты аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Мерекелік кеште «Журавли», «Эх, дороги», «День Победы» әндері шырқалды. Сондай-ақ, іс-шара аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Мұнан соң қонақтар мен аудан басшылары арнайы орталық саябақта ұйымдастырылған «Дала асханасына» бет бұрды. Онда соғыс алаңын еске еріксіз салар майдан даласының асы әзірленді. Басқосуда аудан әкімі Балабек Нарбаев, еңбек және ауған соғысы ардагерлері құттықтау сөз сөйлеп, аудандық мәдениет үйінің әншілері Жанарбек Абдрахманов, Ахат Кенжебаевтар қазақтың қара домбырасында халық термелерін ардагерлерге тарту етті. Арнайы пісірілген тағам ардагерлермен қатар, тұрғындарға да үлестірілді. Саябақта Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы мен Абай атындағы орта мектеп оқытушыларының «Жеңіс жолында» тақырыбында ұйымдастырған көріністе елге қайтқан және қан майданнан оралмаған жауынгерлердің ерліктері, батырлықтары театрландырылды және патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар, Абылай хан атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Алма Сарбасованың ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай және де Отанына шын берілген, қайсар жүрек Бауыржан Момышұлының ерен ерлігіне арналған «Қазақтың қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен» атты әдеби кеші өткізілді. Кеш Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске түсіруге арналған 1 минуттық үнсіздікпен басталды. Каһарман Бауыржанға арналған өлеңдерін бастауыш сынып мұғалімі Ақшолпан Алдажарова оқыса, 9-сынып оқушысы Азат Шүкірбеков өз арнауын кеш қонақтарының алдында паш етті. Мектеп оқушылары соғыс жылдарындағы өлеңдерден үзінділер шырқап, Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» атты шығармасынан үзінді көрсетті.


































 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз