ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «Домбыра – халық мұрасы» атты мәдени іс-шарасы өтті
2018 жылдың 1 шілдесінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты мәдени шарасы өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып айқындалған.
Әр қазақ үшін киелі домбыра – ұлтымыздың символы, ал қазақ күйі – адам жанын тебірентетін бір әлем және тарих беттерінен сөз құдіреті бермеген терең ойды домбыра арқылы жеткізген сәттері де белгілі. Домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келген.
Мәдени шара Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйші-композитор - Әбдімомын Желдібаевтың құттықтау сөзімен ашылып, Облыстық қазақ драма театрының «Домбыра үні» атты театрландырылған қойылымына ұласты.
Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев пен ҚР Мәдениет қайраткері Аман Молдыбаев бастаған 300-ге жуық домбырашы қатысты.
Домбырашылар Әбдімомын Желдібаевпен бірге «Ерке сылқым», Аман Молдыбаевпен «Көне Тараз» және Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар» күйлерін орындады. Аталған іс-шарада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұқтар Рахманқұлов, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей және Халықаралық конкурстардың лауреаты Адай Жұмат домбырашыларға дирижерлық етті.
Мәдени іс-шара көк және ақ түсті шарлардың көкке ұшырылуымен аяқталды.
Барлық қатысушы өнерпаздар Тараз қаласының түкпір-түкпіріне шығып, жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ән мен күйге бөледі.
Іс- шараға зиялы қауым, мәдениет және өнер саласы қайраткерлері мен қызметкерлері, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қатысты.







