Сарысу ауданы өнерпаздарының концерті туралы мәлімет
Ашық аспан астындағы концерттің шымылдығын «Өрлеу» фольклорлық ансамблі күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» шығармасымен ашты. Бұдан өзге думанды кешке «Айжанқыз» халықтық би ұжымы, Жадыра Даукенова, Назерке Сақтаған, Роза Өтембаева, Ғалымжан Өтембаев сынды өнерпаздар қатысты. Əсіресе Төлешов, Нұрбол Өмірбек, Тұрар Сатыбалдиевтердің күй тартысы халықтың зор қошеметіне ие болды.
Мұнан өзге, сарысулықтар Тараз жұртшылығы үшін арнайы «Ел іші – өнер кеніші» атты бейнелеу жəне қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге қылқалам шеберлерінің түрлі жанрдағы туындылары, қолөнершілердің көз майын тауысып жасаған əдемі дүниелері қойылған.
Жалпы бұл мерекелік кеш «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясындағы шаралардың бірі болып табылады. Айта кету керек, осы жылдың қыркүйек айының басына дейін əр апта сайын тараздықтар тарихи «Төрткүл» керуен сарайында облысымыздың өзге де аудандарының концертін тамашалай алады.