Сегодня:

Қымызмұрындық тойы

8 маусым, бейсенбінің ақ таңы Меркі елінде шұғылалы болып атты. «Ұлы Жібек Жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуеннің сапары ауданымыздағы Қымызмұрындық тойымен тұспа-тұс келді.  Қонақтарды Т.Рысқұлов ауылдық округінің атшабар алаңының аумағында арнайы жоспарланған іс-шараға сай, әсем безендірілген қазақ үйлер,ұлттық дәстүрде әзірленген этноауыл, түрлі көркемөнерпаздар мен этно-мәдени бірлестіктер ұжымдары қарсы алды.

Айнала дөңгелене орын тепкен шағын ауыл – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, қонақжайлылығын, салт-дәстүрін, мәдениетін, әдеп-ғұрпын бейнелей түскен. Оған өнерпаздарға арналған сахна, алтыбақан, балуандар белдесетін күрес алаңқайы және тұрмыс-тіршілікті бейнелеу мақсатында пайдаланылатын алуан түрлі көрмелерді қосыңыз. Нағыз ауыл тіршілігін бейнелейтін барлық сахналық көріністер бір мезетте, бірнеше жерде кедергісіз жұмыс жасап жатты.

Ауыл көрініс: ұлттық киімдегі қыз келіншектер бауырсақ пісіріп, отқа нан көміп, ірімшік, құрт жасап жатса, кейбіреулері самаурын қайнатуда. Қазақ үйлер маңында бір – бие сауса, енді бірі – күбі пісіп, нағыз қазақы тіршіліктің күйін кешкен. Тағы бір қазақ үй жанына бір топ қауым жиналып қалыпты: жүн түтіп, ұршық иіріп, бесікке бала бөлеп, халық әндерін орындап отырған ауыл әжелерінің өнерлеріне жан сүйсінеді.

Ауыл ішінде қолдарына ағаш, шыбық ұстаған бір топ кішкентай балалар бір-бірімен қылыштасып, қуаласып, асыр салып ойнап жүрсе, кішкентай қыздар ағаш қуыршақпен әжелерінің қасында, олардың істегендерін қайталап, ойнап отыр. Алтыбақанда қыз бен жігіт тербеліп, оның маңы да ұлттық киім киген жастарға толған. Ана бір жерде құсбегілер қоныстаныпты...

          Жағалай қоныстанған ұлттар мен ұлыстар шамамен ұзындығы 50 метрдей жерді алатын этноауылдың тыныс-тіршілігі өзінше қызыққа толы. Қымызмұрындыққа келген әр қонаққа ықыласын білдіруші этно-мәдени бірлестіктердің «Шаңырақ» шайханасында ондаған этностардың ақсақалдары мен көшбасшылары бас қосып, жыршы-термешілердің, манасшылардың, күйшілердің өнерлерін тамашалауда.

... Мерейлі Меркі жерінде өтіп жатқан, ондаған жылдар бойына ұмыт болып, қайтадан қолға алынған Қымызмұрындық тойына жиналған қауымға қарай атқа мінген жаршы жігіт шауып келеді. Ол:

-Ағайын сүйінші, сүйінші! 2000 жылдық тарихы бар Әулие ата жерінен «Ұлы Жібек Жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуен келе жатыр! – деп алаңды шауып өтіп, үлкен сахна алдына кідіріп, аттан секіріп түсті.

Сүйінші хабарды естіген халық бір-біріне қарап қуанып, өз-ара шуылдасып: «Бәрекелді», «Дұрыс болған екен», «Қуанышты хабар болды», «Сүйіншісін беріңдер», «Сусын беріңдер», «Бақытты бол, шырағым», «Өркенің өссін» десті. Олармен бірге облыс, аудан басшылары, ақсақалдар алқасы, зиялы қауым, этно-мәдени бірлестік жетекшілері жән т.б керуенді қарсы алуға қақпаға қарай беттеді.

  • - Қақпадан ауылға, оң жағынан бастап, жағалай жүрген керуен әрі көлікті әрі көрікті екен. Ауыл ақсақалдары керуен басшысы мен көмекшілерін мереке өтіп жатқан жермен таныстырып жағалай алып жүрді.
  •           Қариялар: - Көш көлікті болсын! – Керуен басын Киелі Меркі жеріне бұрған екенсіздер, қош келдіңіздер! – десіп жатты....
  •           Қымызмұрындық тойының қонақтары орталық сахнаға қарай ойысып, арнайы дайындалған шатыр астындағы орындарға  жайғасқаны сол екен ақын, жыршы-термеші Бейбіт Шошабаев бүгінгі тойға арнаған «Арнау» әнін нақышына келтіре орындады. Одан соң:

          -Ассалаумағалейкум, 2000 жылдық тарихы бар, көне Әулие Ата жерінен келген, даласы  - дархан, халқы – жомарт, тұғыры – биік, ынтымағы – жарасқан Меркі еліне көш бастап келген ағайын, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыздан кейінгі ұлы той – Қымызмұрындық тойының қадірменді қонақтары! – деген бірінші жүргізуші жігіттің дауысы жарқын естілді.

          -Рухы мен тілін жанындай сүйген, бірлігі бекем, ынтымағы зор, мерейі үстем болған тарихымыздың алтын қазығына айналған тоғыз жолдың торабы – Меркі еліне қош келдіңіздер! –деді екінші жүргізуші жігіт.

          Осылайша Ұлы Жібек жолы бойында, дәстүрлі Қымызмұрындық тойының үстінде, бүкіл әлем хабардар болып отырған «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрметіне сапарға шыққан керуенге сый-құрмет көрсету  басталып та кетті.

«Қымызмұрындық» тойына тура келген «Ұлы Жібек Жолы. Көне Тарздан асқақ Астанаға тарту» атты керуенді қарсы алған тойдың алғашқы сөзі аудан әкімі Өмірбеков Мейірхан Азатұлына берілді.

-Құрметті қонақтар, меркіліктер! Елбасымыздың жарқын бастамаларымен еліміз көркейіп, дүниежүзіне танымал елге айналып келеді. Соның дәлелі Халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып отырған «ЭКСПО-2017» көрмесі жақын күндерде ашылатын болады. Біз бүгін бүкіл республиканың халқымен бірге осы қуанышты бөлісу үшін Қымызмұрындық мерекесіне жиналып отырмыз. Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы рухани жаңғыруда» -деп алдымызға үлкен мақсат қойып, оны салт-дәстүрлерімізбен байланыстырып, болашаққа бағдар беріп отырғанын бәріңіз білесіздер.  Қымыз – қазақтың қасиетті асы. Ауруға – ем, сауға – қуат беретін осы қасиетті астың құрметіне еілімізде ежелден келе жатқан осы Қымызмұрындық мерекесі бар, - деген Мейірхан Азатұлы жиналған қауымды осынау мерекемен құттықтап, Астанаға бет алған керуенге ақ жол тіледі.

Құттықтау  сөз кезегін алған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Орынбеков Бекболат Серікбекұлы:

-Кеше ғана, 2012 жылдың 22-қарашасында, 103 мемлекеттің дауысымен «ЭКСПО-2017» жеңімпазы болып Қазақстан Республикасы, Астана қаласы белгіленген еді. Арада өткен 4 жылдың ішінде, осы іс-шараға орай ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазақ хандығының  550 жылдығын Тараз жерінде лайықты тойласақ, бүгін оны «ЭКСПО-2017» көрмесі құрметіне орай «Ұлы Жібек Жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуен жалғастырып отыр. Осы керуеннің жүрген жері көлікті болсын! – деді.

Мерекелік мінберге көтерілген Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Солтыбаев Еркінбек пен «Ардагерлер ұйымы» Меркі аудандық филиалының төрағасы Иманалиев Қамбар ағаларымыз да ыстық ықыластарын білдірді.

Солтыбаев Еркінбек ағамыз тойға құр қол келмепті, облыстық ардагерлер кеңесінің атынан Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Ө.Медетбековке шапан, ақын Шырын Мамасеріковаға орамал жапты. Ал аудан әкімі М.Өмірбеков жасы 80-ге толып отырған жерлесіміз «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің Пленум мүшесі, Жамбыл облысы мен  Тараз қаласының Құрметті  азаматы Ахметова Лидия Абылғазықызына ақ орамал жауып, қолына алтын білезік салды.

Мереке ән жырсыз болған ба, сахна төрін қызылды-жасылды киімдерімен түрлендіріп жіберген «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайының бишілер тобы мың бұралған билерін сыйға тартса, аудандық Мәдениет үйінің жанынан құралған «Береке» әжелер тобы халық әні «Беу- айдайды» шарықтатты. «Меркі әуендері» ұлт-аспаптар ансамблі орындаған «Той толғауы» күйі, әнші Мадияр Шалабаевтың орындауындағы халық әні «Сары бидай» да көрермен көңлінің пернелерін дөп басқандай...

Қымызмұрындық тойы құрметіне арналған концерттік бағдарлама бірнеше сағатқа созылды. Онда аудан өнерпаздарымен қатар, облыстық және аудандық этно-мәдени бірлестіктер өнерпаздары да өз өнерлерін паш етті.

            
















Пікір қалдыру

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив