Адами ары - Əділ мінезі
Жұмабек Ташенов
Телефон сыңғыр ете қалды. Мен алдым.
- Жолдас Ташенов сізді сағат 12-де қабылдамақ.
Жоғарғы Советтің президумының Председателі Жұмабек Ташеновты естігенім болмаса, көрген кісім емес.
Верховный Советке бардым. Тап мені күтіп отырғандай-ақ көмекшісі алдымнан шығып, ізетпен кезексіз мені тіктен-тіке Председательге ендірді.
Кең кабинеттің төрінен орта бойлы тығыншық сары жігіт орнынан тұрып жеңіл қадаммен алдымнан шықты.
Амандастық. "Тақтың" алдындағы үстелге қарама-қарсы отырдық.
- Бауке хəліңіз қалай? - деген сұрақтардан сөзін бастады председатель. - Денсаулық қалай?
Мен жауап қаттым.
- Онша мақтанарлық емес...- деп бастай бергенімде, ол үстелдегі бір седеп түймені басты. Көмекшісі жетіп келді.
- Немедленно позваните Ерастову. Чтоб он прекрепил полковника к больнице Совета Министров...
- На Ерастова не жалуюсь...
- Если нужно, пусть его положат в больницу в правительственную палату. Идите.
Көмекшісі кетті. Мен не айтарымды білместен, сасқалақтап:
- Благодарю, Вас, - деппін.
- Сіз арақ ішесіз бе?
- Ішемін.
- Сізге пиво да ішуге болмайды. Темекі тартасыз ба?
- Тартамын.
- Көп тартасыз ба?
- Көп тартамын.
- Оныңызды қойыныз. Сіз бізге өте керек адамсыз. Не істеп жүрсіз?
- Жазып жүрмін.
- Не жазып жүрсіз?
- Көрген-білгендер мен өткен-кеткендер. Менің темаларым....
- Ол өте дұрыс екен. Ол да бізге өте керек, - деп бастырмалатып сөзімді аяқтатпады.
"Е бұл кісі асығып отыр екен ғой" деген оймен тілімді тарттым.
Председатель маған Рахымжан Қошқарбаевтың арызын көрсетті.
-Мен сізбен осы жағынан ақылдасайын деп шақырып едім, - дедім мен оқып шыққан соң. - Его личное заявление не служит основанием...
- Қазақшалап сөйлеңіз.
- Архивтан дəлелдейтұғын материалдар керек. Оларсыз киліксеңіз, ұялып қалуыңыз мүмкін.
- Мұныңыз өте дұрыс ақыл. Оны қалай табамыз.
- Іздеу керек.
- Сіз іздесеңіз қайтер еді?
- Іздейін.
- Қаражатты мен бергізейін.
- Жоқ. Мен қаражат алмаймын.
- Мұныңыз не?
- Таба алмасам ше?
- Жоқ. Сіз табасыз. Сіз таппағанда, кім таппақ оны?
- Мен іздестірейін. Тапсам дұрыс, таппасам-ешқандай міндеттемені мойныма алғым келмейді...
- Келістік. Сіз іздестіресіз, сіз табасыз.
- Жарайды. Бірақ та мен ақшадан аулақпын.
- Жарайды. Ал енді сіз туралы да көп хаттар бар. Сізді неге Герой Советского Союза емес деп жазады менің атыма....
- Это компетенция правительства.
- Мен үкімет бастығымын...
- Вы всего лишь председатель президума Верховного Совета Республики...
- Я заместитель Ворошилова...
- Оны мен білемін.
- Сіз менің атыма арыз, өмірбаяныңызды толық етіп жазыңыз. Барлық көрсеткен ерліктеріңізді жазыңыз. Мен ол мəселені Ворошиловтың алдында көтеремін...
- Жоқ. Мен еш нəрсе жазбаймын. Мен туралы жазылғандар аз емес.
- Онда соларды қарастыралық. Оларды қайдан табуға болады?
- Мен ол жағын білмеймін.
Тағы біраз сөйлестік.
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ естеліктерінен.....

