Бүгін:

"Ер емес, ез екенсің Кенен ақын"

 

"Ер емес, ез екенсің Кенен ақын" немесе Кенен ғашық болған арулар...

Кененнің өмірінде қолы жетпеген екі аруы болған. Алғашқысы-Мөртай сұлу.
Ел ішінде ән айтып жүрген Кенен Шөрегей еліндегі Мөртай деген қызға ғашық болады. Қыздыңда кетәрі еместігін байқап, алып қашады. Алайда қыздың атастырып қойған жері бар. Екі елдің арасы бұзылатын болған соң, қызды төркініне қайтаруға мәжбүр болады. Мөртай қызға деген сүйіспеншілігі тарқамаған Кенен "Мөртай сұлу" деген әнмен қала береді.
Екіншісі - Ләтипа атты ақын келіншек. Бірде Кенен "әскер үшін 100 түйе жинау керек" деген өкіметтің бұйрығымен жолға шығып, Балқаш, Мойынқұм өңірлерін аралайды. Жолай бұрыннан "бір көрсем" деп жүрген Ләтипа ақынның келін болып түскен ауылына ат басын бұрады. 
Ауыл адамдары Кененнің алдынан шығып, құрметпен қарсы алады, үйге жайғастырып әнін тындайды. Көп ішінде Ләтипа да бар еді. Ауыл ақсақалы: "Әнге жүйрік екенсің, қарағым. Мына біздің Ләтипа келін де өнер иесі, суырып салатын ақындығы да бар. Екеуің біраз өнер сынасындар", - деп айтысқа шақырады. Шегінерге жол қалмаған Кенен амалсыздан айтысты бастап кетеді. Екеуі біраз сөз сынасады. Талай ақынға бет қаратпаған Ләтипаның әзілі басым түсіп жатады. Содан Кенен келіншектің осал тұсын сөз етіп, жаңа өкімет келгенін, өз қалауы болса, қалаға әкетіп, теңіне қоспақ ойы бар екенін айтады. Сол жерде Ләтипаның күйеуі келіп қалып, айтыстың шырқын бұзады. Кенен қоштасарда Ләтипамен кездеседі. Ол жөнінде Кененнің өзі: "Ұзақ әңгімелестік. Мүмкін болса, расында қалаға барып өнер жолына бой ұсынсам деген арманын қоса айтты, мен қоштадым. Осы жолы Ләтипаның шын жүйрік, суырыпсалма дарын иесі екенін өз көзінше мойындадым. Сөйтіп, 40 күн дегенде Қостөбенің етегінде ол күтетін болып, мен алып кететін болып уәде еттік. Бұл кездесуіміз уәдеден гөрі сертке көбірек ұқсайтын еді" - деп еске алады. Кенен ауылына келсе, жұрт "Кенен екі әйелдің үстіне тағы бір ақын келіншекті алатын болыпты" деп шулап жүр екен. Халық ақынын тағы да тоқтатты, ақылға шақырды. "Ескі дүниенің ақыны. Намаз оқиды, екі әйелі бар" деп өкімет ревкомдықтан алып тастады. Базар-Назар өмірден өтті. Арада біраз уақыт өтіп, Кенен Ләтипаға берген уәдесін орындай алмай қалады. Солай ішқұса болып жүргенінде бір жолаушы xат әкеліп береді. Онда Ләтипаның:

Сәлем айт төрт дулаттың
Кененіне,
Ынтық ем өлеңі мен әуеніне.
Ер емес, ез екенсің Кенен ақын,
Артыңа бір қарамай жөнедің бе?
Қостөбе көз алдыма елестейді,
Ләтипаға обал-ау бір демейді,
- деген алты-ақ жол өлеңі жазылған екен. Мұңын да, ренішін де алты-ақ жол өлеңге сыйдырған ақын келіншек көп уақыт өтпей дүние салыпты. Ал осы бір орындалмай қалған уәдесі Кененнің жүрегінде өкініш болып қала беріпті...

МАДИЯР ЕРАЛЫҰЛЫ


Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз