Бүгін:

КЕНЕН ӘЗІРБАЙҰЛЫНЫҢ ЖАН ЖОЛДАСЫ!

Кенекең қазақ xалқының бір туар перзенті, қоғам қайраткері Ораз Жандосовпен ажырамас дос болды. Екі дос Жетісудай жер жәннатында өткен талай ойын-тойларда ән салып, күй шертіп дегендей, гүл-гүл жайнап жүрді. Соның бәрі бір күнгідей болған жоқ. Кеңестік идиологияның пасық саясатының ноқтасы қазақтың аяулы ұлы Ораздың да мойнына ілінді. Сол тұста "Ораз ұсталып, тұтқында отыр" дегенді естісімен Кенекең атқа қонады. Амалы құрып, араша түсе алмады. Есіл ермен тек қоштасып қалуға ғана шамасы келді. Бір таныстары арқылы Ораз Жандосов отырған вагон Отар стансысынан өтетінін білді. Күндіз-түні аңду салып жүріп досымен вагонның торлы терезесі арқылы тіл қатысты. Шерлі кеуде сол мезетте "Қош бол Оразым" деген өлеңін көзінен сорғалаған жасты жұтқызып тұрып айтқызды.

Оразжан, серкесі едің Жетісудің,
Жасыңнан талаптанып оқу қудың.
Қош, аман бол, Оразжан!

Ер ағаң алдындағы Тоқаш өліп,
Екеуің Жұбанышпен егіз тудың.
Қош, аман бол, Оразжан!

Биіктеп самолетпен аспанға ұштың,
Міне, енді арба мініп, Тәшкен көштің.
Қош, аман бол, Оразжан!

Қордайдың асуынан асырып сап,
Қасымда алпыс жігіт, қош айтыстым.
Қош, аман бол, Оразжан!

Алайда осы өлеңінен кейін Кенен атамыз табанда ұсталды. Алты ай шамасында түрменің дәмін татты. Әйтеуір аузындағы алтын тістерін беріп, әрең босанды. Сол қос қайғы өтіп кетті ме, 40- жылдардың аяғы, 50 жылдардың басында табандатқан алты жыл қатарынан төсек тартып жатты. Құдай иіп, күнделікті қамқорлықтың арқасында ауруынан құлан-таза айықты. Домбырасын қайта қолына алып, "Мен жазылдым", "Ауырып жазылғанда", "Нәсиxа" атты өлеңдерін жазды. Он алты жасынан қосылған Насиxасына, "Аяғының ақсағы-ай, мінезінің жақсы-ағы-ай" деп елжірей мақтайтын Насиxасына "Ауырғанда алты жыл, еркелетіп баққаны-ай" деп шын жүректен алғысын айтты.
(Аңыздар сыры).
МАДИЯР ЕРАЛЫҰЛЫ



 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз