Бүгін:
kz ru

КЕНЕН ӘЗІРБАЕВ ақын, жыршы, әнші, композитор. ҰЛЫ АДАМНЫҢ ЖАСТЫҚ ШАҒЫ ТАҒДЫР ТАУҚЫМЕТІМЕН АРПАЛЫСЫП ӨТКЕН

Ертеде Шомай деген дуалы ауыз қарияның тоғыз түйесі ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Жаздай іздеп таба алмайды. Бір күні ол Қопаның құдығына мал суарып тұрған бес ағайынды, бесеуі де жалаңаяқ жігіттерден түйесін сұрайды. Момын жігіттер өз түйелерімен қоса, жайып жүрген тоғыз түйені өздері "мынау" деп ұстаа беріпті. Шомай ата батасын беріп, түйелерін айдап кетеді.
Жол-жөнекей:
- Түйелерінді қайдан тауып алдың? 
- деп сұрағандарға ол: 
Қопа деген жердегі бес жалаңаяқ ауылынан тауып алдым, - депті.
Осыдан былай қарай сол аталарымыз "бес жалаңаяқ" атанып кетіпті.
Міне сол жалаңаяқтардың бірі Маңдабай деген кісі екен. Одан Әзірбай, Ниязбай, Абданбай деген үш ұл туады. Олардың бәрі шетінен өнерпаз, домбырашы, өлеңші, әнші, көкпаршы, ит жүгірткіш, сауыққой болады. 
Менің әкемді қырсық айналдырып, қыры кетеді. Азамат болып қалған екі баласы мен әйелі Алуа да бірінен кейін бірі өледі. Малы жұтап, алты қанат ақ үйі қаңырап иесіз қалады. Екі қызын ұзатып жіберген. Өзінің алпысқа таяп қалған кезі. Кебекбай мен Қарабай деген тәуір кісілерге атқосшы болып жүреді, үлгі-өнеге алады. Кебекбай мен Қарабай Ақыш деген батыр досының кіші қызы Ұларды әкеме алып береді. Мен сол Ұлардан туыппын. Анам бойшаң, көрікті, өзі әнші, даусы өте келісті, өленді суырып салып айта беретін кісі екен. 
Жас кезімде өте тентек болыппын. Айтқанымды істемесе, шешемнің өңірін жыртып, мазасын алады екенмін. Анам менен кейін Бибісара деген қыз туыпты. Бірақ көп кешікпей Бибісара да, шешем де қайтыс болады. "Байдың әйелі өлсе, төсегі жаңғырады, Кедейдің әйелі өлсе, басы қаңғырады" дегендей, әкем байғұс мені құшақтап тағы да жалғыз қала береді. Шешем өлген Шөладырда алты жыл тұрып, Мәтібұлақтағы елге көшіп келдік. Әкемнің інісі Абданбайдың әйелі Әлиманның қолына қарап қалдық. Әлиман мені өз балаларымен бірге жатқызбай, бөлек жатқызды, маған оң қарамады. 
Әкем көбіне ұзатқан қыздарына кетеді. Бір-екі айдай жатып, кір-қоның жудырып, маған киім-кешек, тары-талқан, құрт-ірімшік әкеледі, ең ақыры бір түйір қант болса да қалтасына сала келеді. Әлиман "сары аяқтан су ішкізіп", өз балаларына қаймақ, қатық берсе, маған қатықсыз қара көже береді. Оны көрген әкем бұл қорлықтан құтылудың амалын іздейді. Ағайындардан уақытша сауын алады. Үш ешкі, бір қойды сауып, жұлым-жұлым болса да бір үй тігіп, бөлек шықтық. Жасым тоғыз-онға келген соң Құлжабай, Әймен деген ағайындардың қозысын баға бастадым. Бақпасқа шара жоқ, түгіміз жоқ, жетім баламын. Бір қозы, тіпті лақ та болса бергендерін ала беремін. Атам да (әкемді ата деуші едім) "Бергендерін ала бер, қарағым, жігіт болып қалдың" дейтін. Сонымен бірде қозы, бірде лақ бағып, күнім өтіп жатты. Ақ күшігім, ала мысығым болды. Екеуін еркелетіп ертіп жүремін.
(Кенен атамыздың естелігінен)

Мадияр Ералыұлы



   

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз