ҚЫЗЫЛДАРДЫҢ САЛҒАН ҚЫРҒЫНЫ ӘУЛИЕАТА ӨҢІРІНІҢ БҰРАЛҚЫ ЕСІМДІ БОЛЫСЫ. (Туған жердің бір уыс топырағы)
Бұралқы Сұлтанбекұлы (1865-1934 ж.ж) туған жері Әулиеата (Тараз) оязы Шу-Құмөзек өңірінде қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Бұралқының ұлы атасы Қошқар, тегі жанабай руынан. Қошқар XVIII ғасырда Жоңғарларға қарсы күрескен қазақ батыры. Ол Жетісудан шыққан Райымбек батырға қосылып, ел-жұртын жоңғардан аман сақтап қалған тұлға.
Осындай ұлы тұлғаның ұрпағы
Бұралқы ескіше оқыған, орыс тілінде білген сауатты кісі еді. Ол ақыл-парасаты асқан, ашық-жарқын мінезді, шешен сөзді, адамгершілігі мол, қолынан өнер тамған-ұста, жомарттығымен кедей-кепшіктерге жәрдемін, қолұшын беруден тартынбаған. Халқының қамын жеп, мүддесін ойлаған. Әділ де турашыл кісі болғандықтан, ел-жұрты сенім білдіріп, сыйлап, бірауыздан болыстыққа сайлап отырған. Сонымен Бұралқы 18 жыл болыс болып қызметін үлкен абыроймен атқарғаны белгілі. Көпті көріп араласқан, көзі ашық, көңілі ояу. Бұралқы балаларын Ташкентте, Әулиеатада, Түркістанда жоғары, орта білім беретін оқу орындарында оқытудан, мамандық игеруден қаражатын аямаған. Бұл еңбегінің нәтижесінде Мұстафа есімді ұлы қазақтан шыққан тұнғыш аграном, алаш арыстарымен бірге ұлт мүддесі үшін тер төкен перзент ретінде тариxта қалды. (Бұған кейінірек арнайы тақырыпта тоқталатын боламыз).
Сондай-ақ Бұралқы болыс 1913 жылы Петерборға барып, Романовтар патшалығының 300 жылдық мерейтойына қатысып, шен тағып оралған кісі. Бұралқының зайыбы Жәмилә ерте дүние салыпты. Жетім балаларын бағатын, мейірімді ана боларлықтай, мал-мүлкіне ие, шаруашылық жағын жүргізе алатын өзіне лайықты әйел қарастырады. Алысқа бармай, ауылы жақын жерде тұратын Ақшай есімді әйелге үйленеді, одан перзент көрмегендіктен, Әнипа сұлумен бас қосады. Екі әйелі де өмірмен ерте қоштасады. Ең соңғы төртінші әйелі 18 жасар Динаға Бұралқы алпыс бірге келгенде, 1926 жылы үйленеді. Өзінен кейінгі көне көз қариялардың айтуынша Қазан төңкерісінен бұрында біздің елге басқа жақтан (Ресей, Өзбекстан) түрлі себептермен қашып келген келімсектер көп болатын. Ал Бұралқы бұлардың барлығына қамқорлық жасап, бауырына тартқандардың аты-жөндерін азан шақыртып өзгерткізген екен. "Келімсек сарттарды (өзбектер) енді Сұлтанбек әулетінен шыққан жанабай руының қазағы дейсіндер, сарт деуші болмандар", - деп ағайындарына қатты ескертіпті. Бұралқы қармағына алғандарды үйлендіріп, отау тігіп, алдарына мал салып шығарып отырған. Бұл кезде "қазақ жанабай" аталып, сіңіп кеткен туыстардан қалған ұрпақтар Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Ақжарда тұрады.
Сонымен қызылдар салған қырғында жетіп:
"Кел, қазақ, кедейлер,
Ұйымдас жалшымен.
Бай менен молданы,
Қойдай қу қамшымен" (автор А.Тоқмағаметов) дегендей елге сойқанды салды.
Сондағы 1928 жылы үкімет байларды тәркілеу жүргізгенде, Бұралқының барлық малын, көзге ілінер мүлкін түк қалдырмай сыпырып алғанда ойына еш нәрсе кіріп шыққан жоқ, "Жұртпен көрген ұлы той"- деді де қойды. Есесіне болыстың жанына батқаны "Оралға жер аударыласындар" деген жарлықты шолақ белсенділердің аузынан естуі еді. Жазықсыз қасірет көрген болысқа ең қиын, ең ауыр тигені сол. Ол туып-өскен, кіндік қаны тамған қасиетті топырақты, ата-бабалары жатқан зираттарын амалсыз тастап кетуі жанына батты. Бұралқыдан жақсылықтан басқа зәбірлік-қорлық көрмеген ауыл-аймақтың кедей-кепшіктері түгел жиналып, қоштасарда қимастықпен көрісіп жыласып еді.
Бұралқы болыс отбасымен айдалған жері Оралға барып тұрады. Ол жерде де болыс ОГПУ-дың қармағында әр ай сайын барып, қол қойып тұрады. Қысқасы қатаң бақылауда. Адамның етін адамға жегізген кеңестік кеңкелес үкіметтің қолдан ұйымдастырылған 1932 жылғы ашаршылығы басталды. ОГПУ Бұралқыны жанұясымен Өзбекстанның бір шалғайда орналасқан "Нышан" деген совxозға жер аударады. Осы жерге жайғасып алғаннан кейін Бұралқы ГПУ-дың бастығынан еліне барып келуіне рұқсат сұрайды. Әлгі залым, қу Бұралқының аузындағы екі қатар алтын тістеріне көзі түсіп, қызығып: "Егер елге барып оралам десең, аузындағы барлық тістерінді суырып бересің",-дейді.
Бұралқы әрі-бері ойланып, еріксіз көнеді. Қан ішер сұмның алдында отырып ап, үш рет он жұдырығымен өз аузынан қойып қалады. Тістері қан араласа сау етіп түсе қалады. Қалтасындағы шүберекті алып қан араласқан тісін орап, орыстың қолына ұстатады. Ол шіміркенбей алады. Ауырып қиналған болыс бір аптадан кейін әлін жинап, өз-өзіне біршама келген сон қызына тісімді беріп елге барып келуге рұқсат алдым, бар арманым туған жерімді бір көрсем деген ем, сол арманым орындалар, жолымнан қалдырмандар дейді. Алла бұйыртса, аман есен оралам, мені ойлап абыржымандар, көргенше күн жақсы деп, қоржының арқалап үйден шығып жүре берген екен қарт жарықтық.
Елге келсе баяғы өзі білетін тамдар(қыстаулар) бұзылған. Алыстан көзіне түскен тігулі киіз үйлерге барса, есіктері аңғал-саңғал ашық, үй жиһаздары сол бойы жинаулы қалпында, тірі жан жоқ. Қайсібір үйлерге кірсе төсектерінде сұлап жатқан өліктердің қаңқасы. "Жантүршігер сұмдықты көрем-ау" деген Бұралқының ойына кіріп пе? Елді аштық жайлаған.
Қымбатты, туып-өскен жерін сағынып келгенде, қалың жайлаған ел-жұртының көзден тып-типыл боп жоғалуы, тірі жанды кездестірмеуі, Бұралқының жанын қинап, көңілін су сепкендей басыпты. Күйзеліспен суынған жанын қоярға жер таппай, жерден бір уыс топырағын орап алып, туған жерімен біржолата қоштасып жүріп кетіпті. Өзбек жеріндегі отбасына барғаннаң кейін қарт болыс екі жылдай тың жүріп, күтпеген жерден ауырмай-сырқамай бір күнде өмірден озыпты. Тіл тартпай дүниеден өтуіне қарағанда туған-туыстары миына қан құйылған болар деп шамалайды. Сөйтіп туған жердің топырағы бұйырмаған асыл ер, туған жерің, елің шексіз сүйген қарт болыс өмірден осылай озған екен.
Қайран, ата! Жатқан жерің жаннатта, топырағын торқа болсын! Әумин!
Туған жердің қадірің жырақта жүргенде білесін деген рас-ақ екен.
Мадияр Ералыұлы




