Байзақ аудандық әл – Фараби атындағы мәдениет үйінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған іс шара мәліметі
Көктемнің алғашқы күндеріндегі әйел – аналар мерекесі ауданымызда кең көлемде аталып өтті. Аудандық мәдениет үйінде «Арулар, аяулылар, ардақтылар» деген тақырыппен өткен мерекелік шараға жиналған қыз – келіншектерді ауданымыздың жаңа әкімі Р.С.Рахманбердиев құттықтап, сөз сөйледі.
Алты – жеті және одан да көп бала туған аналарға алтын, күміс алқалар табыс етті.
Аудан экономикасының дамуына үлесін қосқан бірқатар қыз – келіншектерді аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттап, гүл шоқтары мен сыйлықтар тапсырды.
Салтанатты бөлімнен кейін мәдениет үйінің 4 өнерпаз жігіті концерт шымылдығын «Анаға сәлем» әнімен ашып, ары қарай қазақи қалжың сөздермен концертті шоуға айналдыра отырып жүргізді. Әнші А.Исабаев «Алтын ана» әнін орындағанда залда риза болмаған адам болмады. «Інжу» бишілер тобы қазақ биі «Келіншекті» мың бұрала билесе, әнші Ж.Сәлімбаеваның баласымен орындаған «Анаға тарту» әніне жиналғандар дән риза болды. Ал Д.Диханбаеваның орындауындағы «Қызғалдағым», М. Жанбаева орындаған «Әжеме», жас әнші Д.Жасұзақтың орындауындағы «Жаным ана» әндері өте жоғары деңгейде шырқалып, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Ал сахнаға «Ардагер ағалар» тобы шыққанда залдағылар еріксіз қол ұрып, топ мүшелерінің орындауындағы халық әні «Гүлдариға» әнін өте жылы қабылдады. Мәдениет үйінің 8 қыздан тұратын әншілер тобы Г. Өмірбаеваның «Қыздар-қыздар» әнін бірдей сахналық киімде орындап, көрермендерді тәнті етті. Мерекелік концерт барлық әншілердің орындауындағы «Анашым» әнімен аяқталды. Мерекелік шараға жиналғандар концерттен жақсы әсермен шығып, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
Ертеңіне мерекелік шаралар ауданымыздың орталық алаңында жалғасты.
Аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы мен мәдениет үйінің өнерпаздары Сарыкемер аспанында әсем әуендерді әуелетсе, спорт мектебінің ұландары жасөспірімдер арасында түрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарын марапаттады.
Ауданымызда аналар күні барынша ардақталды.