Генералдармен кездесу
Жұлдызы биік Жуалы жерінде Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай Жуалы ауданының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен, мәдени демалыс орталығының көмегімен Отанымызға танымал, жерлес азаматтардың жеке тектік құжаттарын архивке сақтауға арналған «Жуалы жұлдыздарына құрмет» атты ауқымды шара болып өтті. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге үлкен үлес қосқан айтулы шара Жібек жолы көшесінің бойындағы Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Гүл қоюды ҚР Парламент депутаты, Халық Қаһарманы, генерал –лейтенант Бақытжан Ертаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің генерал –майоры, заң ғылымдарының докторы, жемқорлыққа қарсы «Жаңару» қозғалысы төрағасының орынбасары Сейтжан Қойбақов, қазақстанның еңбек Ері, «Қазфосфат»ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров және аудан әкімі Бақтияр Копбосынов бастады. Баукеңнің еңселі ескерткішіне гүл қойып, Батыр рухын үнсіздікпен еске алудан кейін генерал Бақытжан Ертаев көпшілікке өзінің тілегін жеткізді. «Осындай үлкен шараларда ғана емес, жастарға патриоттық тәрбие беруге арналған барлық тағылымды, шаралар осы жерден бастау алса деймін». Әрине, тек гүл қоюмен шектелмей, осы жерде жастардың жүрегінде жететіндей жүректен шыққан патриоттық рухтағы жалынды әңгімелер айтылса деймін» -деді генерал. Генералдар мен аудан әкімі бастаған топ ескерткіш жанынан шырша көшеттерін отырғызды. Мұнда да Бақытжан Ертаев №91678 әскери бөлім командирлеріне патриоттық тәрбие жөніндегі тағылымды әңгімелерін айтты.Салтанатты жиын қонақтары аудан әкімдігінің мәжіліс залында бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, кәсіпкерлердің жоспарларымен, мұң –мұқтаждарымен бөлісті. Ертаев жуалылықтарды кәсіпкерлікпен айналысуға, жаңашылдыққа, еңбекқорлыққа шақырды. Көп кешікпей «Достық» мәдениет үйінде салтанатты жиын басталды.Кездесу қонақтарын аудан өнерпаздары оркестрдің сүйемелдеуінде халық әнімен қарсы алды. Қонақтар фоеде фотокөрмені тамашалады. Сахнада «Жуалы жұлдыздары» видеоролигі көрсетілді.