"Ауылым алтын бесігім" өнер байқауы Бектөбеде
Бектөбе ауылдық мәдениет үйінің ауласына қолөнер шеберлерінің көрмелері қойылған. Қазақы киімдегі арулар келген қонақтарды ілтипатпен қарсы алып, "Жастар жылына" орай ұйымдастырылып отырған байқау өтетін сахнаға жол көрсетіп тұрды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін қазақы ою өрнектермен арнайы безендірілген сахнада байқау да өз бастауын алды. Алдымен көпшілікті құттықтауға ауыл ақсақалы Т. Спаналиев кейіннен ауыл әкімінің орынбасары А. Саршаев шығып көпшілікке ізгі тілектерін жеткізді. Ауыл жастары, ауылдық мәдениет үйінің түрлі үйірмелеріне қатысушы өнерпаз жастар байқауды жандандыра түсті. Байқауды Облыстық ақындар айтысының жүлдегері Нұрман Бақнұр "Ауылым алтын бесігім" арнауымен ашып, көпшілікті жаухар жырмен сусындатты. М. Қырғызбаев, "Қазақ жастары", "ВИА Арт" тобы "Елге сапар", Қаратөбе ауылдық округі "Тұсау кесер" рәсімін көрермен назарына ұсынды. Байқау соңы ауыл жастарының би кешімен жалғасты.