Бүгін:
kz ru

Ерназар ауылдық клубында «Жастар жылына» орай өткен «Ауылым алтын бесігім» атты байқауы

19 шілде күні, сағат 10:00 де Ерназар ауылдық клубында «Ауылым алтын бесігім» атты байқау болып өтті. Ауылдық клубтың ауласы қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан туындыларымен безендіріліп, арнайы қазақы үлгіде жабдықталған бұрышта ұлттық тағам түрлері де келушілер назарына ұсынылды. Аталған байқау «Жастар жылы» аясында өткізілгендіктен бағдарламада барынша жастар қамтылды. Байқаудың алғы сөзі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рүстембеков Төлепберген ағамыз ашып, ауыл тұрғындарын байқаудың ашылуы мен «Жастар жылымен» құттықтады. Құттықтау сөзден кейін шараны «Ерназар арулары» бимен ашты. Байқау барысында ауылдық клубтың түрлі үйірмелерінен сабақ алып жүрген жастар өз өнерлерін ортаға салды. Ән, көркем сөз, би, күй, сахналық қойылымдарын көрерменге ұсынған өнерпаздардың өнеріне қалың көпшілік қошеметін аямай, шабыт беріп отырды. Ауылдық клубтың мәдени ұйымдастырушысы Ерімбетова Балгерім мен музыка жетекшісі Абдыбаева Балжанның орындауындағы «Ауылым» әні шырқалғанда слайд арқылы Ерназар ауылының көркем табиғаты көрсетіліп тұрды. Сондай ақ ауылдық «Жәнібек» бөбекжайының тәрбиешілері әзірлеген «Тоқымқағар» дастүрі де көрерменнің көңілінен шықты. Шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары С. Тәңірберген мен Ж. Жандар да өнер көрсетті. Жамантай Әскербектің орындаған «Құстар қайтып барады» әні мен Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйіне де көрерменнің ықыласы ерекше болды. Бір сағат уақытқа жуық жалғасқан концерттік бағдарламаның соңы Ә. Жамантайдың орындауындағы «Рахмет саған туған ел» әнімен қорытындыланды. Шара соңы ауыл жастарының би кешіне ұласты.

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз