“Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым”
“Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым”
Айтыс өлеңдерінің әдебиет тарихынан алатын орны мен мәні ерекше. Өйткені, бұл жанр аса бай халық әдебиетінің ертеден-ақ өнімді де арналы жеке бір саласын құрап келді. Тіпті, ол бүгінгі өмірімізді бейнелеуге де елеулі үлес қосып отыр.
Сәл үзілістен кейін бұл дәстүр жалғасын тауып, ақындар айтысының заманға сай мазмұны жетілдіріліп отырды. Жалпы қазақ ауыз әдебиетінің бүгінгі күнге жеткен бірден-бір өміршең жанры ретінде рухани өмірдің төрінен ойып орын алды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу туралы тапсырмасы Жамбыл облысында үлкен қолдау тапты.
Жаңа жылдың жарқын жобасы бүгінде қызу қолға алынып, облыс орталығы мен аудандардағы “Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым” атты облыстық айтысқа аудандық іріктеу додасы өтуде. Аудан жұртшылығының рухын көтеріп, серпін беретін ізгі шара облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүзеге асуда.
Аталған шара Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылық орталығы және Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілуде.
Күні кеше «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» атты шын жүйрікті анықтайтын жоба Сарысу ауданында жалғасын тапты.
Айтысқа ауданның 6 ақыны (3 жұп) қатысып, өнер көрсетті. Қазылар құрамында танымал айтыскер ақындар, мәдениет саласының үздіктері бар. Атап айтқанда, Ахметжан Өзбеков, Ербол Қамбатыров, Айтмұханбет Исақов.Айтыстың шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей, жазушы Пернебай Дүйсенбиндер ашып берді.
Екі жарым сағатқа созылған айтысқа әділқазылар риза болып, көрермен көңілдене қол соғып отырды. Ойын орақты тілмен сабақтап, тапқырлығы мен ұтқырлығын көрсеткендердің қатарында Алик Бекмұсаев, Шалқар Шынболатов, Дариха Үмбетиярова, Талғат Құсайынов, Кәкімжан Жолшыбеков, Айгүл Қойлыбековалар болды.














