Бүгін:

ЖҮЗ СЕГІЗ ЖАСТАҒЫ АНА ЖҮРЕГІ

Аудан әкімі Нарбаев Балабек Жанбекұлы Тәуелсіздік мерекесіне орай, ауданымыздың тыл ардагері Жайлаукөл аулының тұрғыны 108 жастағы кейуана Аманжолова Аманбаланы арнайы құттықтау үшін, орталықтан 200 шақырым қашықтықтағы Қамқалы ауылдық округіне барып қайтқан болатын.

 

Қазақ халқы ананы қастерлеп, қадірлеген. Тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы – Ана есіміне қатысты дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ. 

Дана халқымыз: «Ана сүтін Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың»,- десе ал, орыс жазушысы М.Горький: «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың сүтінен жаралған»,- деуі де сол шындыққа жанасады. Сондықтан дүние жүзінің барлық елдерінде Отанға опасыздық пен ана сүтін ақтамау ең зор қылмыс саналады.

Исламда да ананы бәрінен артық ардақтауды талап етеді. Анушируан Әділ патшаның: «Құдайдың көңілінен қалай шығуға болады?»,- деген сұрағына дана уәзірі Бұзұрхмер: « Анаңды қуанту арқылы»-деп, жауап берген екен.

Міне, сонау ауданның шалғайындағы тұрып жатқан 108 жастағы тыл ардагері Аманжолова Аманбаланы қуанту мақсатында, ауданға сіңірген еңбегін бағалап, мерекелік медальмен құттықтау үшін аудан әкімі Б.Нарбаев, мәслихат хатшысы С.Бегеев және бірнеше ауданның азаматтары арнайы барған болатын.

Аудан әкімі Б. Нарбаев тыл ардагері Аманбала ананың омырауына мерекелік медальды тағып: 

- Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесіне орай, арнайы Сізге келіп, мерекемен құттықтап қуанту, ол біздің парызымыз. Сіздей 108 жасқа келіп отырған аналар облыс, республика көлемінде некен-саяқ. Сондықтан мен жеке өз басым, Сіздің дидарыңызды көріп, амандасып, денсаулығыңызды біліп, ақыл-кеңесіңізді, батаңызды алу мен үшін зор қуаныш, бақыт. Ананы қадірлеп, құрметтеу, бағып-қағу қазақтың бойына ерте дәуірден қалыптасып сіңген қасиет.

Кейбір азаматтарымыз аналарын қарттар үйіне тапсырып жатады. Бұндай жиіркенішті, қанымызға сіңбеген қасиеттерден арылуымыз қажет.

Ал, Сіздің балаларыңыз, немерелеріңіз, шөберелеріңіз Сізді айналаңызда болып, бағып-қағып қастерлеп отыр. Бұл әрине, Сіздің балаларыңызға жастайынан құлағына сіңіріп, тәлім-тәрбие бергеніңіздің арқасында болып отыр,-деді.

Ұлы ғұлама ғалым Қайқауыстың «Кабуснама» кітабында:

«Ей, перзентім, ойыңа тоқып алғын: ата-анаға құрмет-ізет қылуды мойынға алу ләзім.

Себебі баланың түп негізі – ата-ана болып табылады. Ата-анамды не үшін құрметтеймін дегенді ойыңа алушы болма. Олар сен үшін өлуге де даяр тұрады... Сен соны білуің керек.

Егер әрбір перзент ақылды, дана болса, ата-анасының мейір -махаббаты үшін ештеңені орындаудан бас тартпайды... Ата-ананың жұмысы – сені тәрбиелеп, өсіру және сені жақсылыққа үйрету.

Ата-ананы еш ренжітуші болма... Олардың жан-жүрегіне қаяу түсірме. Сен ата-ананың қақын дін жағынан өтей алмайсың да, ақыл-санамен, адамгершілікпен өте. Қарашы: ата-анаң саған жанын салып, қамқорлық жасауда. Ал сен оған кереғар іс істесең, онда сен ешқандай жақсылыққа лайық емессің. Себебі адам ата-ананың қадірін білмесе, басқа біреудің жақсылығына баға бере алмайды. Егер перзентіңнің өзіңді құрметтегенін қаласаң, онда сен де ата-анаңды құрметте! Себебі: ата-анаңа не істесең, балаң саған соны істейді...

Адам – жеміске, ата-ана жемісі ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы қарап күткендей, ата-анаңды аялап бақсаң, сен туралы олардың дұғасы қабыл болады»,- деген.

Аманбаланың балалары, немерелері «анаңнан артық дос бар ма», «анаңа ауыр сөз айтпа» деген бабалардан қалған ұлағатты сөздерді бір сәтте естерінен шығарған емес.

Аманбала анамыздың аппақ қыраудай ақшашынан, тарамыс тартқан қолынан, тарам-тарам тартқан жүзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Көп қиындықтың тауқыметін тартқан, аштықтың, жоқшылықтың, зорлық пен зомбылықтың, әділетсіздіктің, ауыр бейнеттің ізі сайрап жатқандай.

Ақ шашты абзал ана Аманбаланы сөзге тартқанымызда:

- Айналайындар, қазақ халқының басынан қаншама қиындықтар өтті. Соның барлығы менің де басымда болды. Сол қиындықтарға төзе білуге тура келді. Арқадағы қонысымыздан ашаршылық дәуірінде еріксіз көшуге тура келеді.

Жастайымнан еңбекке араластым. 1928 жылы Сарысу ауданы құрылды. Ауданда 39 колхоз болды. Ілгері бас колхозында колхозшы болып жұмыс істедім. 1942 жылы жолдасым Аманжолов Балтабай соғысқа аттанып, 1946 жылы елге аман-есен оралды. Балтабай мал дәрігері болып қызмет атқарды. Ал, өзім күндіз-түн демей соқа айдап, бидай егіп, Көкдалада шөп шаптық. 1950 жылдары колхоздар іріленіп Серго, Ілгері бас, Жаңа күн, Ақтоғай жетінші ауыл аталды. Орталығы Ақтоғай болды. 1957 жылдары Сарысу сов-хозына өтіп, орталығы Жаңаарық болды. Сол жылдары егін егу үшін су қоймасы қажет болды. «Ынталы су» қоймасын салуға бүкіл аудан тұрғындары атсалысты. Мен де «Ынталы су» қоймасын салуға қатыстым. «Ынталы су» қоймасын шөп шауып, егін орағы біткен соң, күзге қарай «Ынталы су» қоймасының топырағын көтеріп, салуға кірістік. «Көп түкірсе көл»,- дегендей көпшіліктің, жанқиярлықтың арқасында, «Ынталы су» қоймасын салып бітірдік. Ол кезде техника тапшы, барлығын қолмен істеуге тура келді.

Ал, 1959 жылдары совхоз орталығы Жайлаукөлге көшіп, совхозда сақпаншы, қой қырқып, мал шаруашылығы жұмыстарына араластым. Маңдай тер, адал еңбегінің арқасында 4 ұл, 1 қыз тәрбиеледім. 35 немере, шөберелерім бар. Дүниеге 11 бала әкелдім, 5-уі тірі, 6-уы жерде.

Бүгін менің бұрынғы еңбегімді бағалап, омырауыма Тәуелсіздік мерекесіне орай медаль тағып, сый-сияпат көрсеткендеріңе алғысым шексіз,-деді.

Сәл тыныстап алған Аманбала ана Тәуелсіздікке қолымыз оңай жеткен жоқ. Осы егеменді еліміздің дамуына, тұғырының берік болуына Президентіміз Н.Назарбаевтың атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Әрине, өзіңнің туған жерің, Тәуелсіз елің болғанға не жетсін.

Сарысу ауданы жылдан-жылға өркендеп келеді. Ол сендердің, елді басқарып отырған азаматтардың арқасы. Бөлінбей бірігіп жұмыс істелсе, алынбайтын асу жоқ. Бірліктерің ажырамасын. Мені ескеріп, Тәуелсіздік күнімен құттықтау үшін, сонау аудан орталығынан бастап келіп отырған аудан әкімі Балабек баламның «негізгі ататегі мықты, жақсы, тәрбиелі, өнегелі жерден шыққан азамат екен» деп, аналық ақ тілегін айтып, ақ батасын берді.

Қорыта айтқанда, бір ғасырдан астам өмір сүріп жатқан, тыл ардагері Аманжолова Аманбала ананың көзі мен сөзінен, жүрегінен адал ақ жанның дүниесін сезінгендей болдық.

 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз