ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ҒҰМЫРЛЫ: ЕЛДІГІМІЗ МӘҢГІЛІК БОЛСЫН
ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ҒҰМЫРЛЫ: ЕЛДІГІМІЗ МӘҢГІЛІК БОЛСЫН
Тәуелсіздік–барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтас-тық пен татулықтың күні. 1991 жылы Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам бастық. Сол сәттен бері міне 27 жыл да өте шықты.
Халқымызға ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін күн-біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесі-еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен жасампаздығының арқасында болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі заманғы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы-стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды. Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін–біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады.
Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр кешіп келе жатқанымызға биыл 27 жыл. Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде ұлттық мерекеге арналған «Тәуелсіздік, Тұғырың биік болсын!» атты салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиын басталмай тұрып, аудан әкімі Балабек Нарбаев, аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, аудан әкімінің орынбасарлары және келген қонақтар мәдениет үйінің бірінші және екінші қабаттарында ұйымдастырылған «Тұғыры биік-Тәуелсіздік» атты аудандық мәдениет үйінің, Жаңатас қалалық аула клубының, Балалар-жасөспірімдер орталығы суретшілерінің салған суреттерін және ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесімен, аудандық кітапхананың ұйымдастырған «Рухани Жаңғыру-Мәңгілік ел болудың кепілі», «Тәуелсіздік-тұғырым», «Мәңгілік Ел» тақырыптардағы кітап көрмелерімен танысты. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне арналған салтанатты жиын шымылдығы «Айжанқыз» халықтық би ұжымының орындаған «Бостандық» композициясымен ашылды.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұраны шырқалды.
Жиынға келген аудан тұрғындарын аудан әкімі Балабек Нарбаев құттықтады.
-Егеменді даму жылдарында Қазақстан экономика саласында, әлеуметтік және қоғамдық-саяси өмірінде бірқатар түбегейлі өзгерістерге жол ашты. Халықтың бірлігін негізге ала отырып, біз барлық қиындықтарды жеңіп шықтық. Бүгінгі таңда әрбір қазақстандыққа қол жеткізген жетістіктерді еселендіріп, еліміздің дамуын қамтамасыз ету мақсаты қойылды. «Қазақстан» деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен қасиетін осы жерде туған және осы өлкеде өскен әрбір азаматтың сергек сезінуі парыз. Бұл сөз біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бір құрамды бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі біздің ата- бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырып еткен баға жетпес байлығы және асыл мұрасы. Әрине тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Қазақ халқының небір қайтпас қайсар батырларының жасаған ерліктерін оқулықтардан оқып білудеміз. Елім, жерім деп жаудан ұлтарақтай жері үшін, небір қазақтың батырлары өз өмірлерін қиып, қанды шайқастарда қаза болды. Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да құрметті.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, орасан зор жетістіктер тілеймін. Қазақстан гүлдене көркейіп, нығая берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай,-деді.
Жиын барысында аудан басшысы мерекеге орай, «Астанаға-20 жыл» мерекелік медалімен аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Әсия Тойшыбекованы, алғаш рет облысқа сінген еңбегі үшін төсбелгісімен Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, тыл және еңбек ардагерлерін және ұзақ жылдар бойы жемісті әрі мінсіз қызметі үшін, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар аудан азаматтарын облыс, аудан әкімдерінің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар, ауданның дамуына елеулі үлес қосқан бірнеше еңбек ардагерлеріне ауданның «Құрметті азаматы» атағын тапсырды.Мұнан с
оң аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарға аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарын тапсырды.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Кеш қона-ғы, Ашхабад қаласында өткен «Әлемдік жастар» фестивалінің лауреаты, Республикалық «Жас қанат» және Шәмші Қалдаяқов атындағы конкурстардың жүлдегері, Тараз қаласынан ән шашуын ала келген Мадина Сағымбекова «Өз елім», «Ағайын» өлеңдерін нақышына келтіріп шырқаса, Жаңатас қалалық өнер мектебінің оркестрі «Палладио», Тараз қаласының филармония әншілері Ерлан Ибаділдаев, Бақберген Сметов «Желдірме, «Ауылға сағыныш», Жадыра Даукенова «Елім менің», Мейіржан Омаров 70-80 жылдардағы әндерден попурри, Нұргүл Дүйсенбиева «Куә бол» әндерін тамылжыта шырқап, «Айжанқыз» халықтық би ұжымы «Қазақ» биін мың бұрала билеп, ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. «Сарысу» және «Саудакент» халық театры ұжымдары сахналаған «Мен қазақпын» атты көріністе қазақ халқының зиялы қауым өкілдерінің бейнесін сомдап, олардың терең мағыналы сөздерін көрермендердің жүрегіне жеткізе білді. Мерекелік кеш аудандық мәдениет үйінің әншілер тобының орындауындағы «Қазақстаным» әнімен аяқталды.