Желтоқсанның мұзға жанған алауы
Желтоқсанның мұзға жанған алауы
1991 жылдың 16 желтоқсаны Қазақ мемлекетінің тарихының ең ұлық күні. Осы сәттен бастап, біз кемел келешекке деген өз жолымызды таңдадық. Мәңгілік Ел болу мұратындағы бағдарымызды айқындадық. Тәуелсіздік мерекесі-жүрегі Отан деп соққан әрбір азаматтың қасиетті мейрамы, еліміздің ең басты тойы.
Қазақ қазақ болып жаралғалы өзге елге көз алартпай елін, жерін, шаңырағын, ақ найзаның ұшымен, өткір қылыш жүзімен жауларынан қорғап келген. Қандай нәубет қырғын келсе де соңғы демі қалғанша бостандықты аңсап, азаттыққа ұмтылған. Бүгінде бабалар мен ағаларымыздың ұлы арманы орындалып, қазақ елі Тәуелсіз ел атанып 27 жылдығын атап өтуде.
Мереке күні САРЫСУ аудан жұртшылығы ауа райының суықтығына қарамай, ақ түтек боранмен арпалыса жүріп, «Еңбек ерлері» аллеясы, «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» монументіне гүл шоқтарын қою үшін жиналды. Басқосуда аудан әкімі Балабек Нарбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, Тәуелсіздік жолында жазықсыз құрбан болған ерлерімізді, батыр ұлдарымыздың ерліктерін ұмытпай, есте сақтау кейінгі ұрпақтың парызы екендігін айтып өтті.
Аудан әкімі Балабек Нарбаев, аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мекеме, кәсіпорын басшылары және қызметкерлері желтоқсан куәгерлерін еске алып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.