Бүгін:

ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ағынан жарыла айтқандай Қазақ халқына бұл тәуелсіздік оңай келе салған жоқ. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы, басынан қаншама қиындықтар мен аштық пен азапты, зорлық пен зомбылықты, қайғы-қасіретті басынан өткерді. Ата-бабаларымыз, азапты күндерді басынан кешірді. Осы қиындықтарға төзе білген ата-бабаларымыз, әке-шешелеріміз, кейінгі ұрпағымыз бақытты болып, Қазақ елі басқа елдермен терезесі тең болса, жалтақтамай, қарындары тоқ, көйлектері көк болып өмір сүрсе деп армандап өткен.

Ақын Ақылбек Шаяхмет «Тәуелсіздік – бабалардың аңсап өткен мұраты» өлеңінде:

Тәуелсіздік – бабамыздың аңсап өткен мұраты,

Қатал қыста, сары аязда табанынан сыз өткен.

Тәуелсіздік – тамаша сөз жарып шыққан жүректен..

Тәуелсіздік асуының батпан-батпан салмағы,

Тәуелсіздік – қайнар көзі жаңа ашылған жылғалар.

Елдің жүзі тәуелсіздік сәулесімен нұрланар...-деп, жырлағандай бүгінгі таңда Қазақ халқы тәуелсіздікке қолы жетіп, еркін елге айналып, қазақ халқының жүзі тәуелсіздік, еркіндік, бостандық сәулесімен нұрлануда.

Келмеске кеткен Кеңес өкіметі құлағаннан кейін қоғам жол айрығында тұрды. Ендігі мақсат- қазақ халқы үшін Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар және ұлыстармен бірігіп, ақыл-ойды, күш- қайратты жұмылдырып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу.

Әрине, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінген Елбасы Н.Ә.Назарбаев: 1991 жылы 17 желтоқсанда, яғни тәуелсіздіктің бірінші күнінде –ақ: «Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те, ақылмен істейтін, арзан ұранға елітіп, ұшпа сезімге ерік бермейік. Әсіресе жастар салқын қандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздықтық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік»,- деген аталы сөзін халқына, жастарға шын жүрегінен арнаған еді.

Қазақ елі тұрақтылық пен жасампаздыққа негізделген өз жолын таңдады.

Бірақ, ұлтаралық қақтығыстар қызуы асқынып тұрған шақта, желтоқсан жарасы жазыла қоймаған кезде азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты басты міндеттердің қатарына қою барлық жағынан өзекті болатын. Сол сын сағаттарда, алмағайып заманда Н.Назарбаевтың көрегендікпен дұрыс жол таңдай білгенін бүгінде тарихтың өзі дәлелдеп отыр деп, жазады мемлекет, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Ел иесі» еңбегінде былай деп еске алады:

- Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында Елбасының жанында болып, ол кісінің күйініші мен сүйінішіне, туған халқы үшін тартқан жан азабына куә болған кісілердің бірімін. Әлі есімде, 1992 жылдың күзінде Республика сарайында «Бөбек» қорына арналған телемарафон жүріп жатты. Біз сол Сарайда едік. Түнгі он екілер шамасында Нұрекеңді біреу телефонға шақырды. Жайсыз хабар екенін сездім. Нұрекең мазасыз күйге түсті. Өскеменде болған жігіттердің қазасына байланысты екен. Біз барып жанжалды бейбіт жолмен шешіп қайттық.

Сөйтіп көңілді демдеп, Алматыға оралып, істің, атқарған міндеттің бәрін түгел Елбасына баяндадым. Мұныма Нұрекең әбден риза болды:

- Қайран жастар, боздақтар, нақақ кетті –ау, қыршын кетті-ау-деп, мұңайып, көкірегі қарс айырылып, Елбасының жанарына мөлт-мөлт жас келгені әлі күнге көз алдымда. Сол тұста Елбасының туған халқын, оның үлкен-кішісін жанындай сүйетіндігінің куәсі болған едім.

Иә, әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы төрт жылы – Президенттің мемлекеттік қызметтегі тағдырының ең ауыр, ең қиын кезеңі еді. Шындығында, қазақ халқына бұл Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Көрнекті мемлекет қайраткері ғалым М.Жолдасбековтың естелігін жазып, еске алып отырған себебіміз, Қазақстанның барлық облыстарында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ пен басқа ұлттар арасында қарама - қайшылықтың туғаны ақиқат. Сондай шиеленісті жағдайларға байланысты сол ауыртпалық кезеңдерінде Жаңатас қаласынан да ұлт араздық өршігін қалаларға, сайдың тасындай жігіттер іріктеліп, аттанып жатқаны әлі есімізде.

Қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы сол қиында, аумалы-төкпелі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары анық көріне бастады. Ондай болмаған жағдайда тәуелсіздігімізге қауіп төнері де ақиқат еді.

Сол жылдары Жаңатас қаласының да сәні мен салтанаты кете бастаған кез еді. Дүкен сөрелерінде азық-түлік өте тапшы болды. Басқа ұлт өкілдері жан-жаққа елді-мекендеріне көшіп жатты. Көп қабатты үйлер қаңырап бос қалды. 7, 8, 9- шы мөлтек аудандардың халқы, өз үйлерін тастап көшуге мәжбүр болды. Су, жылу, жарық болмады. Халық амалдың жоғынан пәтерлерін тастап орталық аудандарға көше бастады. Жастар үлкен қалаларға жұмыс іздеп кетсе, қыз- келіншектер бала-шағасын асырау үшін ала дорбаларын арқалап сауда-саттыққа араласты. Бұрын өзбек ағайынға күлетін қазақтың басына да сауда-саттықпен айналысуға тура келді. Жаңатас қаласындағы халықтың тұрмыс – тіршілігі өте ауыр болды. Халық қолындағы барын жабайы базарға барып саудалады. Темір-терсектерді теріп өткізді. Қолдан арақ-шарап жасап саудалап, күн-көрістерін көріп жатты.

Адал маңдай терімен еңбек еткендер күндіз-түні ұйқы көрмеді. Маңдай терін сығып, еңбек етті. Кеңес дәуіріндегі «Мені үкімет асырайды» деген оймен жүргендердің тұрмыс-тіршілігі кері кетті. Ал, күндіз-түні ұйқысын бөліп, бала-шағамды жәутеңдетпей асыраймын деген кісілер еңбектің көзін тауып, тұрмысын бірте-бірте түзеп алды. Бірде ел басқарып жүрген азаматтан Жаңатас қаласының қайта қалпына келуі үшін қанша жыл керек дегенімде, оған әлі елу жыл керек деген болатын. Ол кісі, сол кезеңде Жаңатас қаласының қираған, қаңыраған сипатын көріп айтқан да болу керек. Қаладағы қаншама бала-бақша, мектептер, мекеме орындары қирап, ортасында үйінділері қалды. Сол жылдары Жаңатас қаласындағы жаңадан салынған Абай мектебі жабылып, бұзыла бастаған соң, амалдың жоғынан мұғалімдер және Бүркітті елді-мекенінің тұрғындарымен бірігіп, бұрынғы жабылып қалған 9-шағын аудандағы мектепті әктеп, сырлап, қайта жабдықтап, бала оқытуға тура келді. Ол мектепті өз күштерімен жабдықтап жөндемегенде мұғалімдер жұмыссыз, оқушылар оқу орынсыз қалатын еді. Қаланың қақ ортасындағы Қ.Сәтпаев орта мектебі жекеге сатылып, қирап тынды. Қираған үйіндісі тау болып бүгінгі таңға дейін үйіліп жатыр. Жаңатас қаласының тұрғындары да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осындай, қаншама қиындықтарды басынан кешірген болатын.

Елбасының «Әуелі экономика, одан кейін саясат» деген көрегенді саясатының арқасында Жаңатас қаласы да бірте-бірте тәуелсіздік жылдары қалпына келе бастады. Сол жылдарда Жаңатас қаласындағы «Казфосфат» комбинатында жұмысшыларға айлап, жылдап жалақыларын бермегендіктен мекеме басшылары отыратын ғимарат алдында киіз үйлерін тігіп, жұмысшылар аштық жариялаған кезеңдерде өтті. Мұғалімдер, медицина қызметкерлері төрт айлап жалақысын ала алмаған қиыншылық кезеңдерді бастан кешірді. Бүгін жастарға осының бәрін айтсаң ертегідей көрінері ақиқат.

Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласы болған соң, халықтың саны көбейіп, қаланың бойына қан жүгіре бастады. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Тұрмысы түзелді. Жеке кәсіпкерлікпен айналысып, ерінбей еңбек еткендердің тұрмысы артты.

Әрине, жалқау, еріншек, еңбек етпейтін, арақ ішіп, нашақорлыққа салынғандардың жағдайын айтып жатудың да өзі қиын.

Әр жылдарда Сарысу ауданын басқарған ел азаматтарымыз өздерінің білгірлік, іскерлік қабілеттерін сарып етіп, Жаңатас қаласының дамуы мен ауданның өркендеуіне тәуелсіздік жылдарында үлес қосқандарын айта кеткен абзал.

 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз