1-МАМЫР «Татулық достықтың киелі бесігі»
1-МАМЫР «Татулық достықтың киелі бесігі»
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӨП ҰЛТТЫ МЕМЛЕКЕТ. ТІЛІ БАСҚА ТІЛЕГІ БІР ТҮРІ БАСҚА ЖҮРЕГІ БІР, ТӨСКЕЙДЕ ТӨЛІ, ТӨСЕКТЕ БАСЫ ҚОСЫЛҒАН ҰЛТТАР МЕН ҰЛЫСТАРДЫҢ ҚҰТ МЕКЕНДІ ОТАНЫ. БЕЙБІТ КҮНІ АСПАНЫНДА ҚЫРАНЫ ҚАЛЫҚТАҒАН, АНА ТІЛІМІЗДЕ ӘНҰРАНЫ ШАРЫҚТАҒАН, ДОСТЫҚ ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕН АЙБЫНЫ АСҚАҚ ЕЛМІЗ. АТТЫҢ ЖАЛЫ, ТҮЙЕНІҢ ҚОМЫНДА ӨСІП, ДОСҚА ҚҰШАҒЫН АЙҚАРА АШҚАН БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ӨМІРШЕҢ ӘДЕТ-ҒҰРЫП, САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ ҒАСЫРДАН-ҒАСЫРҒА, ҰРПАҚТАН-ҰРПАҚҚА МҰРА БОЛЫП ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ. ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ, ТЕГІМІЗДІҢ ТЕКТІЛІГІ ЫНТЫМАҚ-ДОСТЫҚТА, БЕРЕКЕ-БІРЛІКТЕ ЕКЕНІН ӨМІРДІҢ ӨЗІ ДӘЛЕЛДЕДІ.
БҰЛ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ЕГЕМЕНДІ ЕЛДІГІН, МЫЗҒЫМАС БІРЛІГІН, ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ЕЛДІГІН, ТОЛАҒАЙ ТІРЛІГІН АЙДАЙ ӘЛЕМГЕ ПАШ ЕТКЕН КҮН. ОСЫ БІР ТАБИҒАТ ШІРКІН ТҮРЛЕНГЕН, ЖЕР АНА БЕТІ ГҮЛДЕНГЕН МАМЫРАЖАЙ МАМЫРДЫҢ АЛҒАШҚЫ АҚ ТАҢЫН ЕЛ-ЖҰРТЫМЫЗ АСЫҒА КҮТЕДІ. ӨЙТКЕНІ 1 МАМЫР ТҰТАСТЫҚТЫ-ДОСТЫҚТАН, БЕРЕКЕНІ-БІРЛІКТЕН, ЗЕЙНЕТТІ-БЕЙНЕТТЕН, РАХАТТЫ-ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ.
Тылсым табиғаттың жұмбақ сырлы тамашасы көп. Сәуір айының соңғы күніне дейін қытымыр қылық, салқын қабақ танытқан мың құбылған ауа райы сезімге серпіліс, жүрекке толқыныс, көңілге қуаныш сыйлаған мерекелі күні, нұрлы шуағын шашудай шашып, ел-жұртымыздың жанын жаздай жадыратып жіберді. Шынайы, шырайлы шындық, көп тілеуі көл деген осы. Әр күнін үкілі үмітпен қарсы алып, дүбірлі еңбекпен батырған аудан жұртшылығы да Қазақстан бірлігі күнін зор саяси еңбек өрлеуімен қарсы алды. Соңғы саусақпен санарлықтай жылдар ішінде жаңғырып, жасара түскен аудан орталығы Жаңатас қаласының 1-мамырдағы сән-салтанаты да өзгеше болды. Мереке құрметіне орталық алаңға ат сабылтқан үлкен-кішінің жүздері жарқын, көңілдері шат. Мың бұралған биші қыздардың ырғақты қимылдарымен мереке ажары ашыла түсті. Орталық алаңда аудандық мәдениет үйінің дайындауымен «Татулық достықтың киелі бесігі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Бұл шараға барлық мекемелерден қатысқан қызметкерлер Астананың 20 жылдығы, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және ауданның 90 жылдығы мерекелеріне орай түрлі көріністер көрсетті.
Көздің жауын алғандай көркем де әсем безендіріліп, көпшілік қауымға ерекше көңіл-күй сыйлаған орталық алаңда мереке салтанатының шымылдығы ашылды. Достықтың туын көтеріп, кеудесін шаттық кернеген жұртшылық алдында аудан әкімі Нарбаев Балабек Жанбекұлы құттықтау сөз сөйледі.
-Бүгін, жақсылығы жарқын, шуағы мол 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі,-деді аудан басшысы.Ел егемендігімен қатар, жаңа сипатқа ие болған бұл мерекенің жылдан-жылға өзіндік берік дәстүрі қалыптасып келеді.Досына - пейілін, ұрпағына - тілегін, қонағына - төрін ұсынған қазақ халқы бірлік пен татулықтың қадірін жақсы біледі. Өйткені, ұлт бірлігі кешегі тар жол, тайғақ кешу заманында әлсізге - медет, тарыққанға - демеу, ұлысқа - ұран болған. Мемлекетіміздегі бірлік мерекесінің басты идеясы – елімізді құт мекеніне айналдырған ұлттар мен ұлыстарға, олардың мәдениеті мен тіліне, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрмет көрсету.Дана халқымызда: «Қына тасқа қонады, бақ-дәулет тек ынтымағы мен бірлігі бар елге қонады»,-деген аталы сөз бар. Елбасымыз ортақ шаңырағымыздағы бірлік пен ынтымақты одан әрі қарай дамытуға бағытталған тағылымы терең бағытты ұстануда. Ендеше, барша қазақстандықтардың парызы – ұлттық игілігімізге айналған азаматтық татулық пен этносаралық өзара келісімін көздің қарашығындай сақтау. Бүгінде Сарысу ауданының халқы да – өзінің мызғымас достығымен, тату бірлігімен күшті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осындай бай мұрамыз өңір халқының тірлігіне – қуат, өміріне – нәр беріп келеді.Соның арқасында, ауданда отыздан аса ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Олар әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени салаларда қарқынды еңбек етіп келеді.Ортақ шаңырағымыз - Қазақстан Республикасының жарқын болашағы мен кемел келешегі үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетейік!
Елбасымыз айтқандай «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» екендігін ұмытпайық, ағайын!