8 наурыз халықаралық «Ана менің-аялаған ақ гүлім» атты салтанатты жиын өтті.
8 наурыз халықаралық «Ана менің-аялаған ақ гүлім» атты салтанатты жиын өтті.
Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған аналар мерекесінің шуақты көктеммен бірге келуінде де өзіндік үндестік бар секілді. Жер дүниенің құлпыруы, ана махаббатының ыстық көрінісіндей сезіледі. Мынау кең дүние мен тіршілік тек әйел баласымен ажарлы. Тарихты сөйлетсең де, әйелдер қауымынан даналық пен батырлықтың, шешендік пен бірліктің үлгісін көруге болады. Көңілдерге қуаныш пен шаттық сыйлай келетін көктем-аяулы аналарымыз бен әпке-сіңлілер үшін ерекше мезгіл. Себебі, сұлулық пен әдеміліктің, жарасымдылықтың жаршысындай- 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қатар келеді. Мерекеге орай аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ана менің-аялаған ақ гүлім» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиын «Айжанқыз» халықтық би ұжымының «Әлемдегі барлық аналар аман болсын» атты ән-би композициясымен ашылды. Бүгінде өркениетті даму жолына түскен мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген аяулы аналар аз емес. Қазір қоғамның қай саласында да әйелдер белсенділігі артып келеді. Отбасы мен қоғам жүгін қатар көтеріп жүрген әйел затының бұл еңбегі құрметке әбден лайық. Әйелдер қауымының қуанышты сәтіне құттықтауын білдірген аудан әкімі Балабек Нарбаев денсаулық пен бақ-береке, шаңырақтарына шаттық тілей отырып, шара барысында ауданның дамуына үлес қосып, елеулі еңбегімен көзге түскен, өз саласында үздік атанған және Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №638 Жарлығына сәйкес жеті және алты бала туған және тәрбиелеп өсірген көп балалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс» алқалармен наградтады. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі мен үздік жетістіктері үшін және Ардагерлер – шекарашы республикалық қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметіне 25 жыл» естелік мерейтойлық медалімен аудан әкімінің орынбасары Динара Асанова марапатталды. Сонымен қатар, бірнеше аяулы аналарға облыс, аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды.Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың марапаттауларын аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев тапсырды.
Бұдан кейін залға жиналған жұртшылық аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Шара барысында «Раян» тобы «Анаға сый», Егешовтер дуэті «Сенші маған», Роза Өтембаева «Асыл әжем», Жігіттер үштігі «Қызыл көйлек», Жасұлан Байділдаев «Я люблю тебя до слёз», Римма Әлібекова «Сезім»,Талғат Айтақов «Ах,какая женщина», Айдана Ұзақбекова, Жасұлан Қоңқақов «Лүпіл» секілді тамылжыта шырқаған әндері көпшіліктің жүрегінен орын алды. Әсіресе, «Айжанқыз» халықтық би ұжымының мың бұрала билеген «Қарлығаштар», «Лезгинка» билері, Жаңатас балалар өнер мектебінің ұстаздары орындаған «Сыр мен мұң» күйлері көпшіліктің көңілінен шықты.
Сонымен қатар, аудан әкімінің демеушілігімен келген «Нысана» театры өздерінің мерекелік әзілдерін аналар құрметіне тарту етіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.Салтанатты кеш әншілер тобының орындауындағы «Аналарға ән шашу» атты әнімен аяқталды.Салтанатты жиынға қатысқан аудан тұрғыны Роза Отарбаева:-Әр мереке сайын аудандық мәдениет үйіне қарай асығамыз. Өйткені, мәдениет үйінің қызметкерлері әр мерекеге қызу дайындалады. Мерекелік сахна тақырыпқа сай безендіріліп, әндер шырқалып, билер биленеді. Концерт соңында көрермен қауым ерекше бір көңіл күймен тарасады. Көтеріңкі көңіл күй мен мерекелік шабыт сыйлаған ұжымға алғысымыз шексіз,-деді. Сондай-ақ, мереке күні аудандық орталық алаңда «Аналар- асыл жандар» атты мерекелік ән-шашу концерті өтті. Концерттік бағдарламада аудандық мәдениет үйінің әншілері, «Раян», «Айтұмар» топтары ана туралы және халық әндерін шырқаса, Жаңатас көпсалалы колледжінің білімгерлері флеш-моб биін көпшілік назарына ұсынды.






