Бүгін:
kz ru

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ-мәңгілік ел болуға бастар жол»

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ-мәңгілік ел болуға бастар жол»

 

ӨТКЕН АПТАНЫҢ СЕНБІСІ КҮНІ АУДАН ӘКІМІ БАЛАБЕК НАРБАЕВТЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН, БАЙҚАДАМ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АППАРАТЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫ БОЛУЫМЕН САУДАКЕНТ АУЫЛЫНДАҒЫ Ә.ӘБДІХАЛЫҚОВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ БІРЛЕСЕ ҰИЫМДАСТЫРУЫМЕН  АУДАНДЫҚ ЖОБАЛЫҚ ОФИСІНІҢ АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРҒА ҰСЫНЫП ОТЫРҒАН ОН ЖЕТІ ЖОБАНЫҢ БІРІ «МЕНІҢ АУЫЛЫМ» ПАТРИОТТЫҚ ОҚУ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА, ЕЛБАСЫ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МАҚАЛАСЫН ІСКЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ-МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛУҒА БАСТАР ЖОЛ» АТТЫ ТАҚЫРЫПТА ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН БАСҚОСҚАН КОНФЕРЕНЦИЯ БОЛЫП ӨТТІ.

. Басқосу басталмас бұрын келген қонақтар Саудакент ауылдық мәдениет үйінің «Сарыарқа» ұлтаспаптар оркестрінің орындауында «Балбырауын» күйін тыңдады. Конференция барысында  аудандық мәдениет үйінің әншілері тамылжыта ән шырқап, «Айжанқыз» би ұжымы мың бұрала би билесе, жігіттер үштігінің орындаған күйлері көрермендерін бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен дайындалған «Елбасы», «Өлке тарихындағы танымал тұлғалар» кітап көрмесімен таныстырылды.

Конференцияға аудан әкімі Балабек Нарбаев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ, медицина ғылымдарының докторы, Нью-Йорк академиясының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, жоғары санатты дәрігер-хирург, профессор, публицист, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаментінің бас хирургі, 200-ден астам ғылыми-практикалық еңбектің, үш авторлық куәліктің, он екі өнертапқыштық ұсыныстың және тоғыз кітаптың авторы, ауданымыздың тумасы Сағындық Ордабеков, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,республикалық және Халықаралық «Дарабоз» әдеби сыйлықтарының иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин.

Сондай-ақ, басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсенов, аудан әкімдігі мекеме-кәсіпорын басшылары, аудан және ауыл ардагерлері, денсаулық сақтау, білім және мәдениет, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Жиынды аудан әкімі ашты.

-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы руханият саласына үлкен серпіліс әкелді. Мемлекет басшысының қазақ елінің рухани жаңғыруы туралы ойлары, әрбір азаматтың санасын оятатын, ұлттық мүддеге қызмет етуге шақыратын терең тұжырымдары аясында бүгінгі таңда нақты істер жүзеге асырыла бастады. Соның біріне бүгін өздеріңіз куә болып отырсыздар.

Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынысы да жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған нақты тапсырма деп білемін. Осы бағдарлама аясында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылды. Бүгінгі өткізіліп отырған жиында да қаламыз жайлы, оның келешегі жайлы көптеген мәліметтер аласыздар. Кеше ғана облыста «Ақылды қала» жобасы қорғалды. Осы жоба бойынша 2018 жылдан бастап 2025 жылға дейін Жаңатасты «Ақылды қала» жасаймыз деп отырмыз. Осы бағдарлама аясында Ұйым елді мекенінен жерлесіміз Болат Сәдуақасов отыз орындықты үлкен балабақшаны өз қаражаты есебінен ашып беремін деп отыр. Ал, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсенов көмек көрсетпек. Айта берсек, ауданымыздың, қаламыздың гүлденуіне өз үлестерін қосып, халық игілігі үшін қызмет етуге дайын азаматтар баршылық.

Бүгінгі іс-шараға арнайы атбасын бұрып келіп отырған қонақтарға алғысымды білдіремін дей келе, бағалы сыйлықтармен бірге кітап тарту етті. Мұнан кейін сөз кезегін алған Сарысу аудандық рухани жаңғыру жобалық офисінің үйлестірушісі Дариха Үмбетиярова баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында игілікті істердің бастамасына айналар 17 жаңа жобаның мақсаты мен іс-шаралар жоспары жасалғандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар тың жобалар бәсекелестікке қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолымен дамуын, сананың ашықтығын қамтамасыз етеді дей отырып, 17 жобаның 5-уі республикалық реестрге өтіп, қалған 12-сі алдағы сәрсенбі күні облыс орталығында қорғалатынын айтып өтті.

Сондай-ақ, бағдаралама аясында 250-ге жуық «Атамекен», «Жергілікті бастамалар картасы», «Жомарт жүрек» атты ауқымды іс-шара іске асырылып, аталған жобалар аясында қайырымдылық, гуманитарлық, ізгілікті акциялар көбейгендігін, ауданымызда қазіргі таңда 50-ге тарта кәсіпкерлермен келісімшартқа отырып, меценаттар базасы жасақталғандығын, бұл демеушілер аудандағы маңызды инфрақұрылым жобалары, мектеп, балабақша, аурухана, емхана, спорт алаңдарының өсіп-өркендеуіне қолдау көрсететінін жеткізді.

Ал аудан әкімі Б.Нарбаевтың тікелей қолдауымен жоспарға сәйкес әрбір бағыт бойынша қарқынды жұмыс атқарылып, жобалық офис қажетті материалдық базамен, кадрлармен қамтамасыз етілгендігін айта келіп, он жеті жобаға жеке-жеке тоқталып, түсіндіріп өтті.

Іс-шара барысында Ұлттың арғы-бергі тарихындағы ерекшеліктері жөнінде әңгімелеген жазушы-драматург Елен Әлімжан мақаланың жазылуы жайлы және бүгінгі таңда Елбасы мақаласында айтылған дүниелерді игеріп алудың өзі ұлтты, мемлекетті едәуір дамытатынын айтты. Жалпы Елбасы мақаласы сан-салалы екендігін, дегенмен, бағдарламалық мақалада негізгі ой, негізгі идея-қазақ халқының рухани жаңғыруы екендігін толық түсіндіріп өтті.

Елбасы мақаласында ұлттың тағдырына қатысты көптеген дүниелер айтылған. Соның бірі-латын әліпбиіне көшу мәселесі. Осы жөнінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Сәмен Құлбарақ бағдарламада Елбасы барлық мәселенің түйінін бір өзі тарқатып, ендігі жерде латын әліпбиіне көшудің дұрыстығын айқындап бергендігін тілге тиек етсе, Сарысу аудандық тілдерді оқыту орталығының меңгерушісі Гүлзат Сәрсенбиева «Латын әліпбиі-мемлекеттік тіл тірегі» атты аудандық жобамен таныстыра отырып, латын әліпбиіне көшудің бес пайдасы жайлы кеңінен сөз қозғады.

-Бірінші, латын әліпбиі әлемдік өркениетке аяқ басуымызға септігін тигізеді. Кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті пайдаланады екен. Ал дүниежүзі халықтарының 80 пайызы латын әліпбиіне көшкен. Екінші, Латын әліпбиі арқылы басқа тілдерді үйренуге мүмкіндігіміз артады. Латын тілі-жаңа технология тілі, ғаламтор тілі. Үшіншіден,1929-1940 жылдары латын әліпбиінде жаздық. Сол замандағы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбаларын келер ұрпақ қиындықсыз оқи алады. Төртіншіден, бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Бесіншіден, әліпби өзгерту төл сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектесіп, қазақ сөздерінің дұрыс айтылуына ықпал етеді,-деді.

Бағдарлама аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандардың жаңғыртылуы, әлемнің әйгілі архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттардың зерделенуі де ұлттың рухани тарихындағы үлкен оқиға екендігі, сондай-ақ, Елбасының тікелей бас-тамасымен әлемнің ең озық шығармалары қазақ тіліне аударылып, кітап болып басылып шыққандығын айтып өткен медицина ғылымдарының докторы, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаментінің бас хирургі Сағындық Ордабеков бұл бағдарлама ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымызға рухани азық болатын айтулы дүние екендігін жеткізсе, республикалық және Халықаралық «Дарабоз» әдеби сыйлықтарының иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин Елбасының мақалада айтқан қоғамдық сана, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық код, прагматизм туралы ойлары шындық екендігін, себебі қазіргі кезде еліміздің алдында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру міндеті тұрғандығын, бұл жөнінде Ұлт Көшбасшысы үнемі айтып келе жатқандығын, ендігі жерде сол дамыған мемлекеттермен иық теңестіре отырып, олармен тәжірибе алмасу мүмкіндігі туғандығын, біз енді осы мүмкіндікті рухани тұрғыдан бір-бірімен сабақтастыра отырып, дамытуымыз қажет екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, конференция барысында Жаңатас көпсалалы колледжінің білімгері Ерасыл Орынғалиұлы өзінің «Туған жер» тақырыптағы жобасын қорғап, «Шабақты» өзенінің экологиялық тазалығын сақтап, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету, келешекте «Шабақты» өзенін туристік орталыққа айналдыру бас-ты мақсаты екендігін жеткізді. Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің 10-сынып оқушысы, оқу озаты Анель Жарылқасынова мектепте осы бағдарламалық мақала аясында атқарылған істер мен өткізілген түрлі іс-шараларға тоқтала келе, жастарды «Білімнің салтанат құруы» бағытында көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылуға, Тәуелсіз мемлекетіміздің әр саласында өз алған білімдерін еліміздің дамуына, оның өркендеуіне жұмсауға шақырды.

Сондай-ақ, ауылдық мәдениет үйі фойесінде  Саудакент техникалық шығармашылық орталығының үйірме оқушыларының өз қолдарымен жасаған шығармашылық жұмыстарынан көрмеге қойылған «Әмбебап күбі», «Әр түрлі көлбеуліктегі жол жиылысының», «Автокөлікті жүргізіп жаттығу алаңы» макеттері, жол қозғалыс ережесін машықтануға арналған«Веложаттықпа» және шимен тоқылған «Рухани жаңғыру» эмблемасы, «Қолөнер», «Кеме үлгілеу», «Ұшақ үлгілеу» үйірмелерінің шығармашылығымен, сонымен қатар, аудандық балалар-жасөспірімдер орталығы оқушыларының әр түрлі бояумен сызған суреттерін, моншақтармен жасаған көрнекіліктерін тамашалады.




 

 

 

 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз