" ""Туған жерге туыңды тік""
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Қазақ: «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Ауданда тұрып жатқан, елге танымал кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлерін, үлкен кәсіпорындар мен шаруашылық басшыларын, зиялы қауым өкілдерін өз ауылын көркейтуге, жаңғыртуға тарту.
Жалпы-ұлттық патриотизмді қалыптасты-руға, өзінің туған жеріне, қаласына, өңіріне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырумен «Туған жерге туыңды тік!» атты акциясы өтті. Сахна шымылдығы «Айжанқыз» халықтық би ұжымының «Қазақ биімен» ашылды. Акцияда аудан әкімінің орынбасары Д.Асанова сөз сөйледі.
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ұлтқа бағытталған ұран, мемлекеттік идеология өзегі ретінде аса құнды үндеу болып табылады. Рухани жаңғыру - қоғамдық санаға рухани сілкініс беріп, ұлы мұрат-мақсаттардың түйін-тұжырымын мәйелі ой-толғаумен саралаған жоспарлы жоба. Ауқымды үш мәселені қамтыған жоба жалпыұлттық сипатта жаңғырудың тиісті тетіктерін анықтап берді. Осылайша, ой-санада жаппай жаңғыру үдерісі басталды.
Теңдесі жоқ туған жердің тас, топырағына дейін тағзым ететін тәуелсіз елдің рухты, өжет азаматтарымыз. Бүгінгі күн – Атажұртқа адал әр азаматтың жеке жауапкершілігі сынға түсетін сарабдал уақыт. Бір қуантарлығы, осы сын-межеде суырылып алға шығып, отансүйгіштігін нақты істермен дәлелдеп жүрген қайраткерлер, жастар, қарапайым жандар да бар. Туған жерге деген ерекше құрметтерін адам жанына жылулық сыйлайтын қайырымдылық шаралар жасау арқылы білдіріп жатқандар бар,- деді. Сондай-ақ акцияда «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, Сарысу, Талас, Созақ аудандарының Құрметті азаматы Мұратқали Сәрсенов:
- Ауданымыздағы ірі кәсіпорын «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені еңбеккерлері де рухани жаңғыру іс-шараларына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ұжым. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы кешен еңбеккерлері арасында кеңінен насихатталды. Мақаланы талқылауда белсенділік танытты.Тау-кен өндірісінде өзінің «Оқу орталығын» дамытып, сонымен қатар Жаңатас, Қаратау қалаларының білім беру мекемелерімен тығыз байланыс орнатуда.«Бір сәби - бір ағаш» акциясы аясында Жаңатас қаласында ашылған «Шеин» аллеясын көріктендіру жұмыстарын жүргіземін,-деді.
Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Әбілов аудан ардагерлері атынан мемлекет басшысының салиқалы саясатын, жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларын, бағдарламалық мақалаларын қолдайтынын жеткізіп, «Береке» қоғамдық бірлестігі атынан Шымкент қаласынан спорттық жабдықтар алып келіп, алдағы күнде ардагерлер жаттығатын спорт зал ашылатынын жеткізді. Одан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқарма-сының басшысы Жангелді Омаров сөз алып, жүрегі елім деп соққан әр азамат-тарға «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуға, туған жердің көсегесін көгертуге, қала, ауыл, барлық аймақтың әлеуетін арттыруға, руханиятын, мәдениетін көтеруге ұмтылуы қажеттігін баса айтты. Туған жерді қастерлеп сүюге, туған жер қадірін арттыруға өз үлестерін қосуға шақырды.Сонымен қатар «ЕвроХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Юрий Василенко 2025 жылға дейін Жаңатас қаласын қайта жаңғырту жөніндегі «Мастер план» жобасымен таныстырды.
Ауданның әлеуметтік экономикалық және рухани дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар өздерінің атқарып жатқан жұмыстарын былай жеткізді. «Алтын Орда» ЖШС-нің төрағасы Д.Жанбаев алдағы күнде аудандық орталық мешіттің ауласына бастырма салып беретінін айтты. Одан кейін «Айтуған» шаруа қожалығының төрағасы А.Рыспанов аудандық кітапхана қорына пайдалы кеңестері бар 200 дана кітапты сыйға тартты. Ал, «Медет» дәмханасының меңгерушісі Б.Тұңғышбаева Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы Сарысу орта мектебінің математика кабинетін толық жабдықтайтынын айтса, «Жасұлан» ЖК қаржысынан Саудакент ауылдық саябағында жастар демалыс орталығын, бассейн, бильярд, би алаңын ашу бастамасын көтерді.«Айбала апа» наубайханасы Б.Қашқынбаев атындағы орта мектебі жанындағы интернатқа 100 бөлке нан таратпақ. Ал, «Ақбетова» ЖК Саудакент ауылындағы жағдайы төмен 10 отбасына азық-түлік пакеттерін таратуды жоспарлауда. «Жантөре-Саудакент» шаруа қожалығы төрағасының атынан Жаңаталап ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасыларға 50 қап пияз үлестіруді жоспарлауда. Игілік ауылдық округіндегі жалғызбасты зейнеткер төрт анаға «Игілік» өндірістік кооперативі атынан 2 тонна шөп, 300 келі жүгері, «Алмас-К» шаруа қожалығы және «Қасымхан-С» шаруа қожалығы 2 ұсақ мал, «Қозықырған» шаруа қожалығы 2 тонна шөп, 200 келі жүгерімен қамтамасыз ететіндерін жеткізді. «Керімбай» шаруа қожалығы Жаңаарық ауылдық округіндегі аз қамтылған отбасыларға 20 орам шөп түсіріп береді.«Елдос-2004» шаруа қожалығы Досбол ауылдық округіндегі су алу қауіпі бар елді мекендерге техникаларымен көмек көрсетті. Қорыта келгенде, жүзеге асырылатын жұмыстардың (жобамен) жалпы құны - 8 млн. теңгеден асып отыр.
Іс-шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен биден шашу шашты