КИНО ЖӘНЕ ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ АСАНӘЛІ ӘШІМОВ-80 ЖАСТА
КИНО ЖӘНЕ ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ
АСАНӘЛІ ӘШІМОВ-80 ЖАСТА
Күні кеше ғана КСРО және Қазақстанның халық әртісі,мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты,театр және кино өнерінің жарық жұлдызы, Қазақстанның еңбек ері,жерлесіміз Асанәлі Әшімов 80 жасқа толған мерейтойында туған жері Сарысуға келіп,жерлестері көтерінкі көңіл-күймен,зор қошаметпен қарсы алды.Қазақ киносының дамуына,қанаттанауына өлшеусіз үлес қосқан аңыз адамның «Қыз жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір жүрдек пойызы», «Сіз кімсіз,Ка мырза?» сынды көркем фильмдердегі рөлі күні бүгінге дейн ел аузында.Сексеннің сеңгірін бағындырған талантты тұлға әлі күнге дейн өнерден қол үзген емес.
Асанәлі Әшімов 1973 жылы КСРО және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтарының иегері атанса,1980 жылы КСРО- халық әртісі,КСРО-ның «Еңбек ардагері»медалімен марапатталған.Сондай-ақ,2000 жылы, «Платинды Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, 2001 жылы еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік марапаты «Отан» орденмен, 2003 жылы ең алғашқы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің лауреаты,2007 жылы «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» медалін иеленген.2012 жылы ҚР Мәдениет саласының Үздігі төсбелгісін және 2014 жылы Қазақ театры мен кино өнеріндегі ерен еңбектері үшін еліміздің жоғарғы мемлекеттік марапаты 1 дәрежедегі «Достық» орденімен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі марапаттаған болатын. Бұдан бөлек 2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздінің 25 жыл» медаліне ие болып ҚР тұңғыш президенттік стипендиясының бірнеше мәрте иегері атанған.Сонымен қатар жуырда ғана Елбасының «Қазақстан Еңбек Ері» атағын алды.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани» бағдарламалық мақаласында ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалады деп көрсетілген. Мақалада мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Туған жерге оның мәдениеті мен дәстүрлеріне айрықша құштарлықпен атсалысу шынайы патриотизмінің маңызды көріністерінің бірі. Міне, осыған байланысты ауданымызда КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімов 80 жылдық тойы Сарысу өңірінде аталып өтті.
Ұлттық сахна өнерінің дарабозы, аты аңызға айналған біртуар тұлғаны аудан әкімі Балабек Жанбекұлы Нарбаев, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облысттық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, Қаратау тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсенов және Талас ауданынан келген зиялы қауым өкілдері аудан шекарасынан құрметпен күтіп алды.
Сарысуда баладан шалға дейін,
Аса ағамның көңілінен тапсақ деп тұр.
Нардың жүгін көтерген Нарбаевтай,
Әкім балаң осы топты бастап тұр,-деп аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы ақын, айтыскер Алик Бекмусаев өзінің арнауын арнаса, аудан шекарасында аудандық мәдениет үйінің ақ жаулықта аналарымызбен биші қыздары арнайы ақ дастарханын жайып, келген қонақтарға қымыз бен шұбаттан дәм таттырып, дара тұлғаның ауданға кірісімен-ақ жүрегінің жібіп қоя бергенін туған жер тұрғындарына айтпасада да сезілді. Ауданымыздың мақтанышы Асанәлі дастархан басында ақ батасын беріп, алғысын жаудырды. Содан соң Асанәлі ағамыз Жаңатас қаласының орталық алаңындағы «Еңбек Ерлері» монументіне гүл шоқтарын қойды.Ары қарай аудандық мәдениет үйінде мәдениет қызметкерлері, аудан жұртшылығы қазақ сахнасының тарланы, атақты актерді ыстық ықыласпен, құшақ жая қарсы алды. Аудандық мәдениет үйінің фоесінде аудандық кітапхананың дайындаған Асанәлі Әшімовтың өмірбаяны мен кино әлеміндегі жетістіктері туралы кітап көрмесі ұйымдастырылып мәдениет үйіне қарасты «Сарыарқа» ұлт аспаптар оркестірінің домбырасының үнімен күмбірлеген күй ойнатылып тұрды. «Алаштың ардақты Асанәлісі» атты мерейтой шымылдығын аудандық мәдениет үйінің режиссері Рабиға Бердісүгігірова дайындаған «Сарысу халықтық» театрының Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек» фильмінен театрландырылған қойылымымен ашылды.
Кездесу барысында мерейтой иесін аудан басшысы Балабек Жанбекұлы Нарбаев құттықтап, Асанәлі Әшімовке,кішкентай Асанәліге және немересіне арнайы тапсырыспен жасалған қолсағаттарын табыстап,ықылас гүлін тарту етті.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық фелиала төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, Қазақстан жастар одағы және мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Маралтай Раымбекұлы Ыбыраев Еңбек Ерінің өнердегі жетістіктері туралы айтып,арнайы құттықтап ыстық ықыластарын білдірді.Өз кезегінде сөз алған мерейтой иесі Асанәлі Әшімов:-Өмірімдегі жеткен жетістігім тек менің ғана емес, бүкіл халқымның жетістігі. Туған жерімнің, сіздердің, достарымның тілеулес болғанының арқасында осындай биік белестерге жеттім деп ойлаймын. Қырдан шөп шауып өскен ауылдың қара домалақ баласымен. Осы күндік қаным тамған жерім мен үшін алтыннан да қымбат. Перзент ретінде туған жерге, елге қызмет ету біздің парызымыз. Бүгінде қатарлас құрдастарымыздың біразы да өмірден өтіп кетті. Дегенмен ауылға барғанымда бірлі-жарым көзі тірі жеңгелеріммен қалжыңдасып қайтамын-деп, халықты бір күлдіріп қойды.
Кино және театр актері ең үлкен марапат-көрерменнің қошаметі. Өзінің жеткен жетістіктеріне, алған атағына өмірден ерте қайтқан өнердегі жолдастарын ортақ деп білетін Асанәлі Әшімов жиында 80-ге келсе де туған жері үшін әлі бала екенін шын көңілімен айтып жеткізді.
Жиналған көпшілік кішкентай Асанәлінің орындауындағы «Менің әкем» әні мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының, аудандық жасөспірімдер өнер мектебі қызметкерлерінің мерейтой иесіне арнаған концерттік бағдарламасымен ұласты.
Мәдениет үйінің мерейтой иесіне арналған іс шара аяқталған соң Асанәлі ағамыз бастаған, Сарысу ауданының әкімі Балабек Жанбекұлы Нарбаев және келген қонақтар Жайылма ауылына бет алды. Жайылма ауылындағы Айнаш Отарбаева атындағы саябаққа атбасын тіреді. Әйтеке би атындағы орта мектептің оқушылары гүл шоқтарымен жерлес актер аталарын қарсы алды.
Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі, Саудакент техникалық шығармашылық орталығы, барлық ауылдық округтеріндегі өнер мектептерінің ұйымдастыруымен қол өнер көрмесін тамашалады.
Сонымен қатар,аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен күйден шашу тартты.
Асанәлі ағамыздың құрметіне Шабақты өзенінің бойындағы орталық атшабарда өткен 30 шақырым қашықтықта аламан бәйгесі ұйымдастырылды.
Ауданымызды елең еткізген айтулы шара Айнаш Отарбаева атындағы саябағында аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырушы Алик Бекумасаевтың ұйымдастыруымен, аудан әкімі Балабек Жанбекұлы Нарбаев, «Алға Доймонд» компаниясының президенті Ж.Бекмусаев, жеке кәсіпкерлер Қ.Ысқақов, Т.Ақмағанбетов, Т.Бралиев сынды азаматтардың демеушілігімен елімізге танымал айтыскер ақындардың додасымен жалғасты. Айтысты аудан әкімі Б.Нарбаев құттықтау сөз сөйлеп,ашып берді.
Айтыста төрт жұптан құралған сегіз ақын жыр додасының дүрмегін таратты.
Алғаш сахна төріне Оңтүстік Қазақстаннан келген Анар Жаппарқұлова мен алматылық Шұғайып Сезімхан жеңге мен қайын арасындағы әдемі қалжыңмен сөз маржанынан төге білсе, көрермен алдында екінші болып шымкенттік Дәурен Ақсақалов пен түркістандық Тұрар Тілеулиев айтысы қиыннан қиыстырып, шындықты сөз астарымен жеткізе біліп, Асанәлі Әшімовтың өнер жолдарына тоқталып өтті. Салмақты сөз бен өткір ой Айтақын Бұлғақов пен Ботагөз Мұхиддин жезде мен балдыз арасындағы ұтқыр ойларын әзілмен жеткізе білді. Соңғы болып сахнаға шыққан Байзақ ауданынан Алтынкүл Қасымбекова мен сарысулық Алик Бекмұсаев ел тарихы мен тәуелсіздіктің жетістіктерін жырлады. Айтысқа қатысқан төрт жұпқа демеушілік тарапынан ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Кеш соңында КСРО халық әртісі және Қазақтан Республикасының мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов айтулы күнді ұйымдастырған аудан әкімі Б.Нарбаевқа, мекеме кәсіпорын басшыларына аудандық мәдениет үйінің қызметкерлеріне алғысын білдірді.