ОТБАСЫНЫҢ БІРЛІГІ – ОТАННАҢ БІРЛІГІ
ОТБАСЫНЫҢ БІРЛІГІ – ОТАННЫҢ БІРЛІГІ
Елді есті ұрпақ қана гүлдендіреді. Есті ұрпақ ошағы орнықты, түтіні түзу, ынтымағы мен ырысы үндескен отбасында ғана өсіп жетілетіні даусыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Отбасын нығайту және дәстүрлерді сақтау-мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі.Сондықтан да біз отбасының мерейін барынша үстем ете беруіміз керек» деген еді. Президент Жарлығымен жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын ұйымдастыру қолға алынды. Бұл байқау қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ішкі талабымен үндескен тәрізді.
Отбасы құндылығын арттыру, жас ұрпақты биік азаматтық пен зор адамгершілікке баулу, елдегі отбасы институтын нығайтып, бірлік пен тірлікті берекелендіру мақсатын көздеген биліктің жаңа бастамасын қуана құптағаны еді бұл, расында.
Осы бастама аясында аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің қолдауымен, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі және аудандық мәдениет үйімен бірлесе отырып,отбасындағы өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен тұрақты некенің жағымды үлгісін үлгі ете отырып, отбасы мәртебесін арттыру, отбасындағы бала тәрбиесі, оқуда, еңбекте қоғамдық жұмыстарға белсенділігі, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ұстану сынды мерейлі құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру мақсатында «Мерейлі отбасы» аудандық байқауы өткізілді.
Аталған байқауға ауданымыздың жергілікті тұрғыны болып табылатын 9 отбасы қатысты. Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Динара Асанова сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Конкурс барысында сайысқа қатысушылар «Отбасым-кішігірім отаным», «Мәңгілік елім-өнегелі дәстүрім» және «Өнеріммен өрге жүздім» кезеңдері бойынша сынға түсіп, бақтарын сынады. Әрбір кезеңге қатысушылар тыңғылықты дайындалып келгендігі бірден білініп тұрды. Ұлттық нақыштағы әдемі киімдер мен қазақ халқында ежелден қалыптасқан «Тұсаукесер», «Бесікке салу», «Жарапазан айту» салт-дәстүрлерін сахналастырып, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлады.
Байқаудың нәтижесі бойынша 4 жеңімпаз отбасы анықталып, облыстық конкурсқа жолдама алды. Барлық сайысқа қатысушылар Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұлттық тәрбиені насихаттайтын аталмыш байқау өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, отбасының қоғамдағы рөлін күшейтуге айтарлықтай септігін тигізері анық.
























