«ЭКСПО-2017 Астана» халықаралық көрмесіне орай «Нұр Отан» партиясының қолдауымен 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған айтыс.
«ЭКСПО-2017 Астана» халықаралық көрмесіне орай «Нұр Отан» партиясының қолдауымен 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған айтыс.
Осы күнгі шадман-шаттыққа толы мереке салтанаты Сарысу ауданы аудандық мәдениет үйіне қарасты Саудакент ауылдық мәдениет үйінде өткен аудан әкімдігі және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қолдауымен «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі және Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған республикалық қайырымдылық ақындар айтысымен жалғасын тапты. Бұл айтысты ұйымдастырып және жүргізіп отқан аудандық мәдениет үйінің мәдени көпшілік іс-шараларды ұйымдастырушы Бекмусаев Алик Қаратайұлы. Көпшіліктің көзайымы болған айтысқа Сарысу ауданының тумасы алыс-жақын шетелдерде жүрсе де туған елін тұғырым деп түсінген айтулы азаматымыз, «ALCA DIAMOND» компаниясының Президенті Жанболат Қаратайұлы Бекмұсаев демеушілік жасады. Сахна төріне айтыскерлер Тараз қаласынан Нұрлыбек Құрманов, Алматы қаласынан Сезімхан Шұғаев, Қарағанды облысынан Ботагөз Мұхиддинқызы, Жамбыл облысынан Дархан Әбдіманап, Қордай ауданынан Күміскүл Сәрсенбаевна, Талас ауданынан Есет Досалы, Сарыағаш ауданынан Жарқынбек Наушабеков, Шымкент қаласынан Анар Жаппарқұлова, Атырау облысынан Шалқарбай Ізбасаров, Қызылорда облысынан Мөлдір Айтбай келіп айтыс көрігін қыздырды. Айтыс өнері таусылмайтын құдіретті өнер ғой. Оның шеті де, шегі де жоқ. Ақындарымыздың сарқырап аққан тау суындай таусылмас, теңіз түбіндегі маржандай ақыл мен даналықтан құйылған өлең-жырлары көпшілікті тәнті етті. Ерекше дауысты Сезімхан Шұғаев, арқалы ақын Шалқарбай Ізбасаров, нағыз қазақ қызы деуге лайық, Әлия мен Мәншүктің бүгінгі бет-бейнесіндей Мөлдір Айтбай сынды айтыскерлеріміз шабыттары шексіз ашылып, Сарысу атырабын әдемі көңіл-күйге бөледі. Осы ретте атап өтерлік жәйт бұрын ауданымызда болмаған, сөйлемей-ақ түсінісіп, көрермен көзайымына айналған күй айтысы ерекше екпінде өтті. Атап айтар болсақ ауданымыздың туын көтеріп шыққан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рыспанов Ғалымжан Байтуғанұлы мен облыстық филармонияның белді қызметкері Дидар Басықараев күмбірлеген күй ойнатып, домбыраның шанағынан әдемі әуез шығарып, халықтың құлақ құрыштарын қандырды. Айтыс аяқталған соң аудан әкімі Балабек Нарбаев сахна төріне көтеріліп, жиналғандарды мерекемен құттықтай отырып, айтыскерлерге алғысын жеткізді. Сахна төріне Жанболат Бекмусаев және анасы Тұрсынай Аманжолқызы Бекмұсаева шығып,құттықтау сөз сөйледі. Ж.Бекмусаевтың айтыскерлерге деп демеушілік жасаған қаржысы теңдей бөлініп берілді. Айтыс ертесіне Қамқалы ауылдық округінде аудандық мәдениет үйіне қарасты ауылдық клубында жалғасын тапты. Бір қызығы екінші айтыстың күнінде Таластық айтыскер «Ақжол» облыстық газетінің тілшісі Есет Досалы өзін ерекше қырынан көрсете білді.Төпелете сөз маржанын төгіп,күлкіге қарқ етті. Ботагөз Мухиддинқызы болса «қисық болса да жолдарың, түзу екен ниет пенен шапалақ ұрған қолдарың» десе, Алик Бекмусаев «Қамқалыға Аликтей ақын табылса да Аликке Қамқалыдай ауыл табылмайды,»-деп ауыл ажарын ашса түсті. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рыспанов Ғалымжан «Тау ішінде» мен «Балқадиша» әндерін зор даусымен шырқап, күйді күмбірлеткенде ауылдықтардың тамсанбасқа лаждары қалмады. Ал айтыскерлер болса, аудан әкімінің тікелей атсалысуымен бар жағдайлары жасалып, ауылға барғаннан қайтқанша арнайы жол полициясының жол бастап, ауылдықтардың айрықша ықыласпен қарсы алғандарын көріп таң-тамаша болды.













