"Көне Тараздан Асқақ Астанаға" атты керуен
Көне Тараздан шығып, Ұлы Жібек жолы сүрлеуімен Елордамызда өтетін әлемдік көрмеге бет алған “Көне Тараздан – асқақ Астанаға!” атты этнографиялық керуен 3 маусым күні қасиетті де киелі ежелгі Құлан топырағына ат басын тіреп, аялдады.
Құлан жеріне керуенді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Т. Рысқұлов ауданы бірлесе қарсы алды.
Керуеншілерді ауылдың жиналған жұртшылығы дәм - тұзы мен бал тамған қымызын құйып шөлін қандырып, сән – салтанатымен қарсы алып алды.
Аудан орталығының батысынан орын тепкен әсем де көркем дендросаябақ аумағына 5 киіз үйлер тігіліп, алтыбақан басында ауыл жастары ауылдың алты аузын айтса, той думан М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұжымы мен студенттері арнайы сахналық көрініс қойып Бета ашар рәсімінен сыр шертіп сахналық қойылымы жаңа түскен келіннің қайнымен қайын сіңілдеріне ата - баба дәстүрі бойынша ат қою яғни «Ат тергеу» дәстүрі мен ойын-сауық бағдарламасына жалғасты. Ойын сауықта Тараз Мемлекеттік университетінің студенттерінің орындауында «Үкілі қыз, «Аманат» әндері шырқалды. Т. Рысқұлов ауданының өнерпаздарының атап айтсақ «Әдемі ау» би ансамблінің мың бұралған бишілерінің билері мен күміс көмей әншілерінің халық әндері мен халық композиторларының «Ақ жайнақ» әні Ж. Үсейіннің орындауында , Достар квартетінің «Ұлы Дала», «Илигай» Р. Қадырқұловтың орындауындағы «Туған жер» «Таң сыры» , «Әдемі –ау» ән – би ансамблінің қыздарынан құралған трионың орындауында «Қазағым» т. б өлеңдері Құлан жерінің көгінде қалықтады.
Ауыл әжелері қазақ үй алдында жүн сабау, жүн түту, текемет басу, күбі пісу, ою өрнек салу ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін ұлттық құндылықтарымызды көрсетсе, ауыл жастары қазақша күрес, арқан тартысып, асық ойнап қазақтың ұлттық ойындарын көрсетті. Сонымен қатар Құлан жерінің қөлөнер шеберлерінің Қолөнер көрмесі де жиналған жұртшылықтың көзайымына айналды десе болғандай. Батыс қақпадан қоңыраулата енген керуен ғасырлар қойнауында жатқан ата-бабаларымыздың байырғы тұрмыс-тіршілігінен хабар бергендей. Түйелі күймелер, қолына қыран бүркіт қондырып, құмай тазылар жетектеген салт атты қапсағай денелі, алпамса жігіттер керуен қозғалысына ерекше көрік бергендей. Тарихқа көз жіберсек, Ұлы Жібек жолы ықылым заманнан сауда-саттықтың, барыс-келістің, мәдени байланыстың, рухани пейіл-тілектің күретамыры болғандығын көреміз.
Құланға аялдаған, құрамында 22 түйе, 35 жылқы, 5 атты арба, 1 күйме және жүздеген адам қамтылған этнографиялық керуен ел мерейін асқақтатып, тағы да жолға шықты.
Құландықтар ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан кең пейіл қонақжайлылықтарын танытып, өнерлерін көрсетіп, сәт сапар тілеп, ізгі ниетпен шығарып салды.