Бүгін:
kz ru

"Мен - мәңгілік ел ұланымын" патриоттық ән байқауы

        Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Көкжелек ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектебі мен ауылдық Мәдениет үйі және ауылдық округтің Жастар ісі –жөніндегі нұсқаушысы бірлесіп, «Мен-мәңгілік ел ұланымын» атты аудандық патриоттық әндер байқауын өткізді.

      Өнерге қанат қаққан жастарға патриоттық тәрбие беру, олардың отаншылдық сезімдерін арттыру мақсатында өткен байқауды мектеп оқушылары Алмат Қасымқұлов пен  Әйгерім Аблай әдемі жүргізе білді.

      Өнер додасына ауданымыздағы Айдарлы, Бірлік, А.Назарбеков, Қылышбай, Көкжелек ауылдарынан 7 өнерпаз қатысты.

      Байқаудың ашылуында кеш қонағы аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы Сүндетулла Әбілов, аудандық Мәдениет үйінің директоры Мейіржан Сейділдаев, Қызылтал ауылдық  округ әкімінің бас маманы Жәнібек Айдарқұловтар құттықтау сөз сөйлеп,  жастарға сәттілік тіледі.

        Үміткерлер байқау талабы бойынша «Бір бала», «Сәулем-ай», «Балапан қаз», «Ақжайық», «Астана», «Қазақстан», «Әлия»  тәрізді шоқтығы биік халық әндері мен патриоттық, рухты әндерді шырқады. Бұл байқауға оқушылардың аса дайындықпен қатысқаны безендірілген сахнадан, киген киім үлгілерінен байқалып тұрды.

    Байқауға әділқазылық еткен  «Мойынқұм» ән – би ансамблі» құрамында Португалия елінде өнер көрсеткен азамат, ауданның Құрметті азаматы,  көкжелектік қария Мұқан Сартов,  аудандық Мәдениет үйінің әншілері Қажымұрат Әбдіқадыров, Гүлгүл Тәйтімовалар жастардың орындаған әндерінің әуезділігін, сөз тазалығын, әншінің орындау шеберлігін жіті қадағалап отырды.

       Ауыл тұрғыны, зейнеткер Тоқан Тілеужанова «Жастар жылында» жас жеткіншектердің асқақ армандарының іске асуына тілегін білдірсе, ауылдық клуб меңгерушісі Болат Жақсылықов ауданнан келген қонақтарға ризашылығын айтып өтіп, оқушылардың дауыс мәнеріне байланысты кеткен кемшіліктері мен артықшылықтарының себептеріне тоқталды. Ал қыздар тобынан құралған «Бәйге», «Қазақ» билері көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
        Байқау соңында әділқазылар алқасының анықтауымен бас жүлдені көкжелектік Әйгерім Дәулет жеңіп алды. Әйгерімге бағалы сыйлыққа гитара берілді.

          I –орынды  Дана Ақылхан (Назарбек ауылы),  II –орынды  Зухра Палаубек (Қылышбай), III-орын Арайлым Қариеваға (Бірлік) бұйырды.

        Өнер байқауына қатысқандардың барлығы сыйлықтарға ие болып, Алғыс хаттармен марапатталды.

       Байқауды ұйымдастырып, өткізуде ауылдық клубтың мңгерушісі Болат Жақсылықовтың еңбегі ерекше болғанын айта кеткеніміз жөн.





 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз