«Әулиеата бояулары» І халық шығармашылығы фестивалі
Бейнелеу өнерін дамыту, өңірдің көркем табиғатын, тарихи орындарын фото және пейзаж тілінде сөйлету, қолөнершілердің туындыларын көпшілікке таныту және жергілікті суретшілерді қолдау, олардың шығармашылығын насихаттауға бағытталған фестиваль бейнелеу өнері, фотосурет және қолөнер номинациялары бойынша 3 кезеңде өтті.
І іріктеу кезеңі 2019 жылдың 8-26 сәуір аралығында облыс аудандарының ауылдық округтерінде өтсе, ІІ іріктеу кезеңі аудан орталығы мен Тараз қаласында 14-17 мамыр күндері аралығында өтті.
Сараптау комиссиясының төрағасы- Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, өнертанушы, доцент, профессор -Байтұрсын Өмірбеков және құрамында суретші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі – Айдархан Сихаев, өнертапқыш, қолөнерші – Пернебай Ахметов, Облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы – Азамат Байжанов болды.
Қалалық, аудандық іріктеу кезеңіне барлығы 300 үміткер қатысып, 134 үміткер облыстық кезеңге жолдама алды. Ақтық ІІІ кезеңге жолдама алған қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.
Фестиваль аясында пленэр ұйымдастырылып, оған жергілікті суретшілермен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар облыстарынан барлығы 20 суретші қатысты.
31 мамыр күні пленэр қатысушылары Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, экскурсия жасады.
Пленэр бағдарламасына сәйкес 1-2 маусым күндері қатысушылар өздері таңдаған Тараз қаласының Қараһан-Баба, Айша-Бибі, Ақыртас қалашығы, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орны және Жеңіс саябағы сынды бірқатар нысандардың келбетін кескіндеді. 3-5 маусым күндері суретшілер Жамбыл облысының аудан аймақтарының белгілі тарихи-мәдени орындары мен әсем табиғатын бейнеледі.
7 маусым күні Тараз қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында ашық аспан астында «Әулиеата бояулары» І халық шығармашылығы фестивалінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде суретшілердің 100- ден аса шығармаларымен қатар, жергілікті фотографтардың 80 шақты тың туындылары және 180-нен аса қолөнершілердің бұйымдары ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеге келушілердің назарына Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония әртістерінің концерті ұсынылды.
Іс-шара соңында фестиваль қатысушылары Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.