Жиззах облыстық музыкалық драма театрындағы ГАЛА КОНЦЕРТ
Арнайы бекітілген бағдарламаға сәйкес өңірлік өнер иелерінің кезекті гала концерті Жиззах облыстық музыкалық драма театрында өтті. Сахнаға Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Бықыбаев пен Жиззах облысы әкімінің орынбасары Азизбек Эгамбердиев, Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Камол Фахродов бауырлас екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі іс-шаралар ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіре отырып, жамбылдық делегацияға қасиетті Мекке қаласы мен Өзбекстанның ғажайып табиғаты суреттелген сағаттарын сыйға тартса, Жамбыл облысы әкімдігінің атынан облыс шеберлерінің қолынан шыққан Жамбылдың бейнесі өрнектелген кілемше және «Көне - Тараз» картинасы табыс етілді.
Жамбыл облысынан барған К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблі мен Сарысу аудандық «Айжан қыз» халықтық би ансамблі Жиззах жұртшылығына жергілікті және Қазақстан композиторларының күйлері мен әсем әндерін ұсынса, өңірлік айтыскер ақын, Республикалық ақындар мен термешілер қоғамының мүшесі Дидар Басықараев бауырлас өзбек еліне қазақтың қара домбырасымен арнауын айтып, көрерменнің көңілінен шықты.
К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова өзбек халқының танымал «Кетма» әнін шырқап, көпшіліктің көңілін көтерді.
Жуалы аудандық халық театры Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты А.Әшімовтың өмір тарихына құрылған поэтикалық драмасын ұсынды. Қойылымға тәнті болған халық қол шапалақтап, өз ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар, 17 мамыр күні Қазақстан делегациясы Жиззах облысының тарихи-мәдени орындарын тамашалап, Орталық Азиядағы ең ірі және көне шахар, әрі Жібек жолы бойында тұрған ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген Самарханд қаласында орналасқан «Регистан» алаңы, Әмір Темір мен Биби Ханум кесенелері, Мырза Ұлықбек обсерваториясы, «Шахин-Зинда» және «Хазірет Қызыр» мемориалды кешеніне және т.б. ескерткіштерге экскурсия жасалды.