Бүгін:
kz ru

ОБЛЫСЫМЫЗДЫҢ МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚОРДАЙ ТӨРІНДЕ БАС ҚОСТЫ

Бүгін яғни, 2018 жылдың 28-ші қараша күні Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қордай ауданы, Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде «Жамбыл облысындағы этностардың музыкалық мұралар» атты облыстық семинар өтті.
Бұл семинардың мақсаты облысымыздағы түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетін, өнерін, салт дәстүрін сақтау және дамыту, этностардың көркемдік ұжымдарының жетекшілерінің тәжірибесімен танысу болғандықтан облысымыздың әр ауданындағы мәдениет үйлерінен көркемдік жетекшілері, бөлім меңгерушілері мен әдіскерлері осы жиында бас қосты. 
Аталған семинардың ашылуы барысында семинарға қатысушылар «Әлжан ана» ауылдық мәдениет үйінің іс-тәжірибесімен танысып, арнайы қонақтар үшін ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Семинардың ашылуы Қордай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Есполов мырзаның мәдениет қызметкерлеріне деген жылы лебізімен басталды. Одан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Е.Сембаеваға берілді. Басқарма маманы өңіріміздегі түрлі ұлт өкілдерінің отандық мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқанын айта келе, әлі де алдағы уақытта атқарылатын мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыуына атсалысып, өлкеміздің мәдениеті мен өркениетіне өзіндік үлес қосатынына сенетінің жасырмады. 
Сонымен қатар, семинарда Қордай аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ұ.Шалабаева «Қордай ауданында мекендейтін этнос өкілдерінің өнері мен салт-дәстүрінің насихатталуы», Қордай ауданына қарасты Сортөбе ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі А.Кеян «Дүнген ұлтының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттау», Т.Рысқұлов ауданының «Сударушки» орыс халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Л.Левицкая «Т.Рысқұлов ауданындағы орыс халық фольклорының жұмысы», Қордай ауданының «Соседушки» халықтық орыс фольклорлық ансамблінің жетекшісі Л.Харченко «Бір шаңырақта», Облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Э.Дутбаева «Жамбыл облысы бойынша фольклорлық ұжымдардың даму барысы» атты тақырыптағы баяндамалар оқылып, слайдтар көрсетілді. Бұл баяндамалар этностардың мәдениетінің дамуындағы өзекті мәселелер мен жұмыстары төңірегінде болғандықтан көптеген ой-пікірлер, тың идеялар айтылып талқыланды.
Сондай-ақ, жоғарыдағы баяндамалардан кейін семинардың бағдарламасы бойынша жиында бас қосқан мәдениет қызметкерлері арасында пікір алмасып, Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінің дайындаған «Анаға тағзым» атты концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Жиын қорытындысына келер болсақ, күні кеше ғана жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай ұлттық құндылықтар мен тарихи дәуірлердің тоғысындағы рухани қазыналарымызды түгендей отырып, алдағы уақытта облысымыздың мәдениетінің даму аясында отандық өркениетке зор үлес қосу үшін бірқатар жобаларды айқындап, ауқымды жұмыстарды күн тәртібіне қойды.
МАДИЯР ЕРАЛЫҰЛЫ















 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз