Бүгін:
kz ru

ТАТУЛЫҚТЫҢ АЙНАСЫ!

Түбі бір түркі тілдес халықтардың татулығының көрінісі бүгін тарихи Тараз шаһарында орын алды. Бұл игілікті шараның өтуіне тікелей ұйытқы болған бастама өткен жылы Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиеевтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен келісілген шешіміне сәйкес 2018 жыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы болып бекітілгендігінде жатыр. Аталған келісім аясында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жыл басынан бері бірқатар айтулы мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді. Осы айтулы іс-шаралардың бірі түркі тілдес екі елдің басшыларының келісімі аясында туындаған бауырластық пен бейбітшіліктің нышаны ретінде бүгін Тараз қаласының орталық көрме залында «Шеберлер қалашығы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Аталған көрмеге жоғарыда айтқандай бауырлас Өзбекстан Республикасының Жизақ облысынан қаламызға арнайы келген ағаш, метал, қыш қолөнер шеберлерінің туындысы қойылды.
Көрменің салтанатты ашылуы барысында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары Зубайра Жарқынқызы Сембина алыстан ат терлетіп келген өнер иелеріне деген алғысын білдіре отырып, арнайы әзірленген алғыс хаттар мен жыр алыбы Жамбыл Жабаев бинеленген кілемшені сыйға тартты. Сондай-ақ, шаһарымыздың қонақтары «Өзбек» мәдениет орталығының Президенті Муминов Бахром Тоқтасынұлы, миниатюра, кескіндеме шебері Рахматова Шахло, ағаш шебері Зоиржонов Бунеджон, зергер Қудратов Уткир сынды азаматтар да бүгінгі шара екі елдің татулығының көрінісі екенін алға тарта отырып, аталмыш шараның ұйымдастырылғанына алғыстарын білдірді. Талантты өнер иелері мен біздің өңірдің қолөнер шеберлері арасында тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сағаттар өткізілді. 
Көрменің негізгі сәнін келтіріп отырған әшекейлер, бағалы жүзіктер, ағаш бұйымдарынан жасалған құнды жәдігерлер, күнделікті тұрмыс-тіршілікте пайдаланылатын ыдыстар, тарихи кезеңдер мен мәдени дүниені бейнелейтін және табиғат пен тіршіліктен көрініс беретін әсем картиналар сынды ғажап туындылар. Осы іс-шара барысында алдағы уақытта екі елдің қолөнершілерінің мәдени қарым-қатынасын нығайту мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Д.Бықыбаев пен Жизақ облысы әкімдігінің өнерпаздар басқармасы басшысы М.Маматқұлов екі жақты қол қойып, меморандум қабылдады.







 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз