Бүгін:
kz ru

Ұлттық тағам мен сусынды іздесеніз БАЙЗАҚ ауданына барыныз....

2018 жылдың 27 шілдесі күні Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай «Ел жүрегі-Астана» атты мәдениет және өнер күндері Байзақ ауданында жалғасты.
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен ауданның 80 жылдығына арналған шарада дертке - дауа, жанға - шипа қымыздың мерекесі ұлықталып, «Шұбат, қымыз - деніміздің саулығы, еліміздің байлығы» атты аудандық этномәдени фестиваль ұйымдастырылды.
Шараға қатысқан қонақтар мен көпшілік әуелі қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысса, білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі мекемелердің қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарға қызығушылықпен қарасты. Сондай ақ әр округтерден жайылған дастархандағы ұлттық тағамдар мен ұлттық сусындардан дәм татты.
Мәдениет және өнер күнінің шымылдығы «Қымызмұрындық» дәстүрін көрсетумен ашылды. Округтерден келген қымыз өндірушілер бал татыған қымыздарын ұсынып, оны дайындау жолдарын түсіндірді.
Ұлттық сусынға қатысты мақал-мәтелдерді айтып, сайысқа түсті. Қымыз ішуден жарысқа түскендер арасынан он екі кесені тоқтамай сімірген Суханбайлық А.Көпжасаров бас жүлдеге ие болды. Ұлттық сусынды барынша бабына келтіріп әзірлеген Дихан ауылының тұрғыны Ш.Нұржігітова бас жүлдеге ие болса, Суханбайлық Р.Сарқұлова І орынға, мәдениет үйінің әншісі Ж.Сәлімбаева жүлделі ІІ орынға ие болды.
Сондай-ақ, мерекелік шарада ауданымыздағы балабақшалардың қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
№2 Байзақ спорт мектебі жеткіншектерінің қатысуымен қой көтеру, асық ату, ләңгі тебу, хан талапай, шекемтас сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздары алғыс хаттармен марапатталды.
Бұдан соң қонақтар мәдениет үйінің фойесіне қойылған сурет және кітап көрмесін тамашалап, тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерімен танысты. Астананың 20 жылдық мерекесін ұлықтаған шара соңы аудан көркемөнерпаздарының дайындаған «Ел жүрегі - Астана» атты концерттік бағдарламасына ұласты.






 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз