«Men qazaqpyn» дәстүрлі әнші, күйші, термешілердің телевизиялық байқауының облыстық іріктеу кезеңі
«QAZAQSTAN» РТРК АҚ Ұлттық телеарнасы атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз дәстүрлі ән-күй, термелерді одан әрі дамытып, бүгінгі күн талабына сай түрлендіре отырып, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Men qazaqpyn» халықаралық мегажобасының екінші маусымын жариялаған болатын.
«Men qazaqpyn» дәстүрлі әнші, күйші, термешілердің телевизиялық байқауының облыстық іріктеу кезеңі 2018 жылдың 14 маусым күні Тараз қалалық мәдениет үйінде өтті.
Мәдениет үйінің алдында мега жобаның қазылар алқасы мен қатысушыларын қала қонақтары мен жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды.
Фойеде Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қолөнер шеберлерінің көрмесі, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қазылар алқасының құрамында «Қазақстан» РТРК АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры - Жасұлан Әбдіманап, Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, кәсіби дирижер - Ерлан Бақтыгерей, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Тараз Мемлекеттік Педагогикалық университетінің «Музыкалық білім» кафедрасының доценті, күйші, композитор - Ержан Рысметов, жыршы-термеші, Халықаралық, Республикалық конкурс, фестивальдерінің лауреаты - Ертай Тазабеков, әнші, Халықаралық, Республикалық конкурс, фестивальдерінің лауреаты - Айгүл Мақашова болды.
Жобаға аудандық іріктеу кезеңінен өткен 11 күйші, 9 термеші, 11 дәстүрлі әнші, барлығы 31 үміткер қатысты. Жобаның шарты бойынша олар ән, күй, терме жанрларынан 2 шығарма орындады.
Қазылар алқасының шешімімен күйші Дулат Байзілдаев (Тараз қаласы), термеші Мәлік Мықтыбеков (Жуалы ауданы), дәстүрлі әнші Ахат Кенжебаев (Сарысу ауданы) республикалық кезеңге жолдама алды.





