Әбдімомын Желдібаев, Аяз Бетбаевтың қатысуымен «Домбыраның қос ішегі» атты шеберлік сағаты
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған тапсырмаларға сәйкес ұлттық өнерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында жергілікті күйші-композитор Ә.Желдібаев, жыршы-термеші А.Бетбаевтың шығармаларының тарихын таныту, орындау әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында 2018 жылдың 30 наурыз күні «Баласағұн» ОКЗ- да «Домбыраның қос ішегі» атты Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың шығармашылығына арналған шеберлік-сағаты өтті.
Негізі облыста 2015 жылдан бері Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың шығармашылығына арналған облыстық байқау дәстүрлі түрде өткізіліп келді. Алайда, өткен байқаулардың нәтижесін зерделей келе, облыс өнерпаздары әлі де қос өнер иелерінің шығармаларын толыққанды игермегендіктері байқалды. Осыған орай, Ә.Желдібаев пен А.Бетбаевтың шығармаларын өз деңгейінде үйрену, орындаушылық шеберліктерін өнерпазға меңгерту, бойына дарыту, одан ары қарай ұштай түсу, шығармаларды одан әрі жандандыру мақсатында өнер дүлділдерінің қатысуымен шеберлік-сағатын өткізуді жөн көрдік.
Шеберлік-сағатына облыстағы мәдениет үйлерінің 17-25 жас аралығындағы куйшілерден 13 адам, көркемдік жетекшілері 3, термешілерден - 10 адам және қаладан қызығушылық танытқан көрермендер саны -20 адам.
Шеберлік-сағаты Ә.Желдібаев пен А.Бетбаевтың шәкірті Ертай Тазабековтың интервью-концертінен басталды. Интервью-концертті облысқа белгілі ақын, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков жүргізіп отырды.
Интервью-концертте күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев өзінің әр-бір күйінің шығу тарихына тоқталып, кейбір күйлерінен үзінділер келтіріп, орындап отырды. Сонымен қатар, Ертай Тазабеков Аяз Бетбаевтың термелері тарихына тоқталып, иірім, қайырым, яғни әуен, сөз, фаршлаг, милизм, трель секілді әдіс- тәсілдерге бай шығармаларынан үзінділерді нақышына келтіре орындады.
Түстен кейін барлық қатысушылар күй, терме сыныптарына бөлініп, шеберлік –сағаттарына қатысты.
Күй сыныбын Әбдімомын Желдібаевтың өзі жүргізіп, күйлерінің негіздерін, дәстүрлік шеберлігін, қағыс әдістерін көрсетіп, «Көк Шолақ», «Ерке сылқым» күйін толығымен меңгертсе, терме сыныбында Аяздың шәкірті Ертай Тазабеков Аяз термелерінің мақамын, иірімдерін меңгерудегі әдіс-тәсілдерінен дәріс беріп, «Ою өрнек» термесі, «Бабаларды аңсау» толғауы, «Жеңгелер» әнін толығымен меңгерте білді.
Сабақта күй тарту шеберлігінің негіздерін, күй тақырыбының мазмұнын толық ашылуын, домбыра тарту шеберлігінің дәстүрлі әдістерін сақтап ойнауға және Аяздың термелерін меңгеруге бағытталып үйретілді.
Интервью-концерт және шеберлік-сағаттар толығымен бейнетаспаға жазылып, орталықтың фонотекасының дерек қорын толықтыра түседі.
Сондай-ақ, бейнежазба барлық аудандық мәдениет үйлеріне таратылып өнерпаздардың көптеп үйренуіне септігін тигізетін болады.
Шеберлік сағатының қорытындысы бойынша қатысушыларға Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың қолдары қойылған сертификаттар табысталды.