«Жамбыл-менің жай атым, халық-менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы
Жамбыл облыстық «Нұр Отан» партиясының қолдауымен және Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 28 ақпан күні Елбасының айтулы «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Тараз қаласы Жүсіп Баласағұн атындағы облыстық филармониясында Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың туылған күніне және қазақ телевизиясының 60 жылдық мерей тойына орай «Жамбыл-менің жай атым, халық-менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Шара барысында Облыс орталығындағы Жамбыл Жабаев бабамыздың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Игілікті істе ақындар өңірдің тарихын, тараз топырағының киесін, Жамбыл бабамыздың асқақ рухын жырға қосты.
Әулиеата жерінде өткен дүбірлі доданы елімізге белгілі ақын, журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты Жүрсін Ерман жүргізсе, иесі алты алашқа танымал ҚР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, Асанәлі Әшімов (қазылар алқасының төрағасы), әнші, сазгер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қырғызстан Республикасының халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, Журналист, әдебиет сыншысы Берік Уәли, айтыскер ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Бекарыс Шойбеков сынды азаматтарымыз ақындардың өнеріне қазылық етті.
Айтысқа Еліміздің әр аймағынан (Астана, Павлодар, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан) қатысты. Жалпы саны 16 ақын қатысып, 8 жұпты құрады. Халқымыздың төл өнерінің иелері яғни, от-ауыз, орақ-тілді ақындарымыз өңірдің тарихын, тараз топырағының киесін, Жамбыл бабамыздың асқақ рухын, өлкемізден шыққан тарихи тұлғаларды жырға қосты.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов айтулы мерей тойымен құттықтап, аталған мәдени іс-шараны ұйымдастырушылар мен қазылар алқасына және ақындарға деген ізгі алғысын білдірді.
Айтыстың қорытындысы бойынша: Бас жүлде- Рүстем Қайыртайұлы (Шығыс Қазақстан), I орын Болатбек Оразбаев (Алматы облысы), II орын Аруна Керімбек (Жамбыл облысы), ІІІ орынға Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы) иеленді. Ал Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы) «Асанәлі Әшімов атындағы шығармашылықты насихаттау және қолдау» қорының атынан тағайындалған 1 мың АҚШ долллары көлеміндегі арнайы жүлдеге ие болды. Қалған ақындарға ынталандыру дипломдары табыс етілді. Бұл айтулы жыр додасына қатысқан барлық ақындарға қаржылай сыйақылар берілді.











