"Art format” семинар треннингі
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, арxивтер және құжаттама басқармасының Облыстық xалық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 12-14 ақпан күндері мәдениет қызметкерлеріне арналған үш күндік "Art format” семинар треннингі өтті.
Облыстың мәдениеті мен өнерінің даму бағыттарын табуға ықпал ету, мәдениет қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жетілдіру, мәдени-демалыс ұйымдарының озық тәжірибесінің жаңа бағыттарын игеру, мәдениет мекемелері қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату мақсатында өткен семинардың алғашқы күні Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының мәжіліс залында баспасөз конференциясымен басталды. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Бықыбаев және "Format E” мәдени даму оқу әдістемелік орталығының директоры Е.Әуесбаев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР мәдениет қайраткері Н.Камалова журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Биылғы семинардың ерекшелігі- мәдениет үйі, ауылдық клуб мамандары мен қатар кітапхана, музей, кино саласының қызметкерлерін қамтыды.
Аталған семинарға лектор ретінде жоғары деңгейдегі мәдениет және өнер қайраткерлері шақырылды.
«Халықтық театр ұжымымен жұмыс жасаудың заманауи технологиясы» тақырыбында Қазақстан театр қайраткерлері Одағының мүшесі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Өнер» кафедрасының аға оқытушысы Б.Тоғаев, «Дәстүрлі кітапханалардың заманға сай өрістеуінің негізгі жолдары»- «Формат Е» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының ғылыми кеңесшісі Г.Қойшығұлова, «Фольклорлық музыкалық ансамбльдерінің инновациялық даму жолдары» - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Мәдени және әлеуметтік қызмет» кафедрасының аға оқытушысы Б.Мейірбеков, «Музей аясындағы рухани жаңғыру» - Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақпараттандыру және жарнамалық қызмет секторының меңгерушісі Г.Лазар дәріс оқып, секциялық жұмыстар жүргізді.
Облыстағы мәдениет үйлерінің көркемдік жетекшілері, әдіскерлері (мәдени ұйымдастырушылар), ән-би ансамбльдерінің (фольклорлық топтың) музыка жетекшілері, ауылдық клуб меңгерушілері, халық театрларының режиссерлары, кітапхана, музей, кино қызметкерлері қатысып, өздеріне қажетті мағлұмат, әдістемелік нұсқаулықтар алды.
Жоғары деңгейде өткен семинар тренингінің соңында 200-ге тарта қатысқан мамандарға "Format E” мәдени даму әдістемелік оқу орталығының арнайы сертификаты берілді.