Бүгін:
kz ru

«Ең үздік ауылдық клуб – 2017», «Театр.KZ» облыстық байқауы Байзақ, Тұрар Рысқұлов аудандарында жалғасты

Ауыл мәдениеті мен клуб жұмыстарын жандандыру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Ең үздік ауылдық клуб – 2017», «Театр.KZ» облыстық байқауы Байзақ, Тұрар Рысқұлов аудандарында жалғасты. 
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйытқысымен өтіп жатқан байқаудың қазылар алқасына Байзақ аудандық Шахан халықтық театры жас маман Марат Джолдасовтың режиссерлығымен елімізге белгілі мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлының «Қор болған Қодар-ай» атты екі бөлімді фантасмагориясын ұсынды. Бүгінгі қоғамдағы ауыр мәселелердің бірі – қыздар тәрбиесін астарлап жеткізген қойылымнан жақсы әсер алған қазылар алқасының төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысының «Формат Е» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры Ерлан Ауесбаев мырза театр мүшелеріне ыстық ықыласын білдірді. Қазылар алқасының мүшесі Облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік шығармашылық бөлімінің басшысы – Нұралы Абдуллаев әртістердің рөлге енуі, артикуляция мәселелі туралы өз ойын айтып, кәсіби тұрғыдан кеңес берді. 
Ары қарай байқау осы ауданның Мәдімар ауылындағы Ынтымақ ауылдық клубында жалғасты. Ауыл тұрғындары мен қазылар алқасына өнерпаздар белгілі журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Сәтібековтың шығармашылығына арналған «Әнші даланың дара перзенті» атты әдеби-сазды кеш ұсынды. Кеште ақынның кейінгіге мұра болып қалған өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер орындалды. «Ең үздік ауылдық клуб-2017» байқауының шарты бойынша қазылар алқасының мүшелері клубтың әдістемелік кабинетін, көрнекіліктерін, өткізілген шаралардың құжаттарын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын тексеріп, клуб меңгерушісіне маман ретінде кеңестерін берді. 
Тұрар Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылдық клубы жергілікті композитор, әнші Жаңбыршы Үсейіновтың шығармашылығына арналған «Әнім саған аманат» атты ән кешін өткізді. Композитордың әндері нақышына келтіре орындалып, көрермендер рухани серпіліп қайтты. Мұнда да қазылар алқасы клуб жұмысымен, құжаттарымен етене танысып шықты. 
Одан әрі Тұрар Рысқұлов аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде Эльмира Жақсыбайқызының режиссерлығымен Басқар Битанов атындағы халық театры Сәкен Жүнісовтың «Ажар мен ажал» атты үш актілі драмасын сахналады. Көрермендердің жүрек қылын тербеген қойылымның соңында қазылар алқасының мүшесі Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев театр əртістерімен пікірлесіп, өз ойларын ортаға салса, Оңтүстік Қазақстан облысындағы "Формат Е" мəдени даму оқу-əдістемелік орталығының директоры Ерлан Сатыбалдыұлы театр ұжымын республикалық, халықаралық халық театрларының ауқымды байқауларына жиі қатысып, тəжірибе жинауға шақырды.









 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз