Шерхан Мұртазаның 85-жылдығына арналған «Заманның заңғар тұлғасы» атты жастар арасындағы жабық мүшайра өтті
2017 жылдың 12 қазан күні Жамбыл атындағы Руханият орталығында халық жазушысы Шерхан Мұратазаның 85 жылдығына арналған «Заманның заңғар тұлғасы атты жастар арасындағы республикалық жабық мүшайраның марапаттау рәсімі өтті.
Ақпан айында жарияланған жыр бәйгесіне республиканың түкпір-түкпірінен 25 ақыннан 50 шығарма келіп түсті. Ақындар мүшайра талабына сай екі тақырыпта, Шерхан Мұртазаның шығармашылығына және Жамбыл облысына арнаған өлеңдерін тапсырды.
Жазушылар Одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары - Жанарбек Әшімжан, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі - Қайырбек Асанов, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы - Көсемәлі Сәттібай, «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары - Оралхан Дәуіт, айтыскер ақын, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі - Ахметжан Өзбеков қазылық еткен мүшайраның алдын ала отырысы өтіп, жеңімпаздар анықталған болатын.
Марапаттау рәсіміне шақырылған қонақтар ақындарды өз салтанатымен қызыл кілемде күтіп алды. Халық назарына Руханият орталығының фойесінде Шерхан Мұртазаның тағылымды ғұмырынан сыр шертетін фильм мен қойылым ұсынылды. Шара барысында басқарма басшысы Дүйсенәлі Дыбысалыұлы сөз алып, Шерхан Мұртазаның ұлт руханияты үшін сіңірген еңбектері хақында әңгіме өрбітіп, жеңімпаз жас шайырларға шабыт тіледі.
Қорыта келе, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Облыстық халық шығармашылығының орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық жыр мүшайрасының бас жүлдесін белгілі жас ақын, «Қараша хаттары», «Ағаштың бүрі» кітаптарының авторы Хамит Есаман иемденді. Бірінші орын дарынды ақын, түркістандық Батырхан Сәрсенханға бұйырды. Ал екінші орынды облыстық «Ақ жол» газетінің мәдениет бөлімінің басшысы, рухты ақын Табиғат Абаилдаев қанжығасына байлады. Жүлделі үшінші орынды нәзік те сыршыл ақын ару Ажар Ерболған еншіледі. Ал байқаудың ынталандыру сыйлықтарына оралдық Шерхан Талап, Жамбыл облысынан Арайлы Жақсылық, Данияр Әлімқұл, Әлішер Сәрсенбіұлы ие болды. Мүшайра жүлдегерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан қомақты қаржылай сыйлықтар тағайындалды.
Жүлдегерлер Шерхан Мұртазаның ұлағатты ғұмырына, қазақ руханиятына сіңірген еңбегіне арнаған жырларын оқып, шараға келген қонақтар ақындарға ризашылықтарын білдірді.