Бүгін:
kz ru

Тараздық өнерпаздар шаһар халқына тамаша кеш тарту етті

2017 жылдың 7 қыркүйегі күні шаһарымыздағы «Төрткүл» керуен сарайында Тараз қаласы өнерпаздарының «Тараз мәңгілік елдің бесігі» атты концерті өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығы мен Тараз қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шара барысында көпшілік қауымға Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кітап көрмесін ұсынса, әулиеаталық қылқалам шеберлерінің ашық аспан астында ел тарихына бағытталған төл туындылары халық назарына галерея ретінде қойылды.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткен мәдени шараға республика мен облысымызға кеңінен танымал халықтық ансамбльдер мен эстрадалық оркестрлер, «Үлгілі» атағы бар би ұжымдары қатысты. Олардың қатарында Нұрай Ғаниқызы,  Берік Жорабеков, Сымбат Шаһаева,  Елена Суад, Ерлан Ашимов, Гүлдерайым Нұрмолдаева сынды жас дарын иелері де бар.

Шараның шымылдығы «Шашу» би тобының қазақ биі мен ашылды. Талабы зор жасөспірімдерден құралған «Алау» тобы «Ел қолдаған Елбасы» әнімен көрермендердің көңілінен шықса, «Жібек жолы» халықтық эстрадалық ансамблінің сүйемелдеуімен Елена Суад «All of me» шығармасын орындап көпшілікті джаз әлемінің ерекші әуенімен тәнті етті.  Мұнымен қоса «Жас даурен», «River dance» ансамблі, «Бозторғай» сынды балдық және ән-би ансамбльдері би өнерімен тараздықтарды таңдай қақтырды. «Өрлеу» үлгілі оркестрінің жігіттер тобы қазақ күйлерінен күй орындап мерекелік концерттің мазмұнын тереңдетті. Шараның мәнді де сәнді өтіп елдің ыстық ықыласына бөленуіне «Асыл аналар» халықтық әжелер ансамблі мен «Красная гвоздика» еңбек ардагерлерінің халықтың хоры да үлесін қосты.

Концерт өңірімізге кеңінен танымал «Мерей» халықтық ансамблінің  орындауында Нұрғиса Тілендиевтің күллі қазаққа рух берер шығармасы «Өз елім» әнімен аяқталды. «Төрткүл» тарихи керуен сарайына жиналған дүйім жұрт осылайша тараздық өнерпаздар мен жас дарын иелеріне керемет кеш үшін алғыстарын білдірді.



 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз