Бүгін:
kz ru

"Көне Тараздан - асқақ Астанаға" - этнографиялық керуені Қарағанды қаласына жетті

Мамыр айының 20-сы күні ежелгі Тараз қаласынан өзінің сəн-салтанатымен Астанада өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне арнайы тарту ретінде аттанған "Көне Тараздан - асқақ Астана" этнографиялық керуені бүгін қазыналы Қарағанды қаласына ат басын бұрды. Тарих тамырын тарқатар болсақ, Тараз қаласы ежелден керуен тоқтап, сауда мен өркениет дамыған өлке болғандығы белгілі. Сол болмысынан танбаған шаһардан шыққан керуен Астанаға дейінгі жолда Меркі, Құлан, Шу, Мойынқұм ауданы мен Балқаш қаласын артқа тастады. Арқаны мекен еткен қарағандылық жұртшылық керуенді құшақ жая қарсы алды. Жамбыл облысы əкімдігінің Мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасы, Тараз қаласы жəне Сарысу, Жуалы аудандарының əкімдігі бірігіп өткізген керуенді қарсы алу шарасына Жамбыл облысы əкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы , Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ирина Любарская, Жамбыл облысы əкімдігінің Мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенəлі Дыбысалыұлы, Облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Ғани Садырбаев, сонымен қатар, Қарағанды облысы əкімдігінің мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Мүлікұлы Ағымбаев қатысты. Керуенді Қарағанды қаласының бас қақпасында қарсы алу барысында Еркебұлан Мүлікұлы сөз алып, көшке ақ жол тіледі. Қарағанды қаласының орталық Бұқар жырау көшесінен жүріп өтіп, орталық саябаққа жеткен керуенді Жамбыл облыстық қазақ драма театры тарихи қойылыммен күтіп алды. Қала жұртшылығына ежелгі Тараздың тарихын, болмысы мен ыстық сәлемін жеткізе келген керуенге тамсана қарап, танымын тереңдетіп, көшке сәт сапар тілеген халықтың санында шек болмады. Одан әрі Жамбыл облыстық филормониясы керуеннің Арқа жеріне ат басын бұру құрметіне концерттік бағдарлама ұсынып, қарағандылық көрерменнің ықыласына ие болды. Шара барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының актері Кеңес Жұмабеков керуенге сәт сапар тілеп, ақ батасын берді. 1200 шақырым жолды артқа тастаған керуен 200 шақырымнан соң елордамыз айбынды Астанаға жетеді. Керуен бас қаланы бағытқа алып тарихи Тараздың аманатын елордалықтарға жеткізбекке жолға шықты.




















 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз