Бүгін:
kz ru

ШЫҒАРМАШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ “ЖАҢА ЕСІМ - 2023” ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған «Жаңа Есім-2023» жобасы биыл дәстүрлі түрде төртінші рет өтіп отыр.
Шара өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, орындаушылық шеберлігінің шыңдап, танылуына мүмкіндік жасау мақсаттарына негізделген.

Жоба ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық іріктеу кезеңдерінен тұрады десек, биылғы іріктеу кезеңдеріне аудандарға қарасты барлық ауылдың талантты жастары қамтылып, жобаға 500-ге жуық үміткер қатысқан.

Жеңімпаздарды марапаттауға арналған гала-концертті тараздықтармен бірге Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, өңірімізге арнайы келген Грекия мемлекетінің делегациясы да тамашалады.

Құрметті қонақтар қатарында Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиопулос Георгиос, Қазақстан-Грекия Іскерлік Кеңесінің тең төрағалары Ламнидис Томас, Жақсыбек Күлекеев, Грек Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің Кеңесшісі Бақытжан Сүйіндіков бар.
Іс-шара “Жаңа есім” атты театрландырған қойылыммен ашылды. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жобаның маңыздылығына тоқталып, жеңімпаздарды құттықтады. Сондай-ақ, жоба аясында қатысушылардың жаңа әндері енген «Жаңа Есім-2023» CD жинағының тұсауы кесілді.

Шара ашық аспан астындағы концерттік бағдарламаға ұласып, жеңімпаз-өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Ән әуелеп, биден шашу шашылды.

Гала-концерт барлық қатысушылардың бірлесіп шырқаған «Жаңа Есім» финалдық әнімен түйінделді.











Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз