"Көне Тараздан Асқақ Астанаға" этнографиялық керуен Шу ауданында
Күні кеше ғана «Көне Тараздан асқақ Астанаға» этнографиялық керуені облыс орталығы тарихи Тараз қаласынан Елордамызға қарай бағыт алған болатын.
Бүгінде жалауы желбіреп, елімізді әлемге танытқан «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне барар жолда қасиетті Құлан өңірін, мерейлі Меркі жерін артқа тастаған керуен Шу ауданына жетті.
«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарға Ұлы Жібек Жолы бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің-рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихын таныстыру мен Тараздың Орталық Азиядағы ең көне қалаларының бірі екенін айшықтауды мақсат еткен керуенді алыстан мейман келсе маңайын думанға бөлейтін Шудың аттылы қыз-жігіттері күтіп алды.
Керуеннің келу құрметіне алтыбақан, қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық ойындар мен қыздар мен жігіттердің айтысы ұйымдастырылды.
«Тұлым тойы» атты дәстүрды қайта жаңғырту барысында ежелгі көне Тараздан ауылға көш бастаған керуен басы, ел ағасына тартсын деген ниетпен қонаққа баланың шашын қидырды.
Ары қарай көштің келу құрметіне Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Шу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама қойылып, алтыбақан маңында жастар «Мәлке тотай» ойынын ойнады.
Қаймағы бұзылмаған қазыналы керуен әрі қарай Мойынқұм ауданына бағыт алды.






