"Көне Тараздан Асқақ Астанаға" этнографиялық керуен Меркі ауданында
2017 жылдың 8 маусым күні «Көне Тараздан – асқақ Астанаға» этнографиялық керуенді Меркі ауданының Т.Рысқұлов ауылдық округі «Атшабар» алаңының аумағында Меркі ауданның әкімшілігі мен этно-мәдени орталықтар қарсы алды. Ауылдың тұрмыс-тіршілігі, қонақ жайлылығы мен салт-дәстүрі, мәдениеті, әдеп-ғұрпы көрсетілді.
Керуен келе жатқанда ауылдың шабандоздары сүйінші сұрап ауылға шауып келді. Ауылдың үлкендерінің бірі шабандоздарға сүйіншілерін беріп, ақсақалдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары керуенді күтіп алды. Ауылға келіп жеткен керуеншілерге әр ұлт өкілдері өз сусындарын ұсынып, түйелер мен жылқыларды керуен сарайына жайғастырды. Барлық қонақтар қымызмұрындық қойылымына ат салысып, қазақтың дәстүрін тамашалап, ауылды емін-еркін аралап, өзге ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрімен танысты.
Мерекеге қатысушы барлық этномәдени бірлестіктер тобы керуеншілерге, қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, зергерлік бұйымдары, тарихи құндылықтарымен таныстырды. Әр ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдары ұсынылып, ойындары (мойын арқан, жастықпен ұрып құлату, бес тас, көкпар, қыз қуу т.б) ойналды.
Осыған орай, іс-шара барысында толығымен жабдықталған қазақ үйлер, өнерпаздарға арналған сахна, алтыбақан және ұлттық қыз келіншектер самаурын қайнатып, бие сауып, күбі пісіп ауылдың тұрмыс тіршілігін бейнеледі. Керуенді тамашалап келген ауыл тұрғындары, керуенді ауыл сыртына дейін шығарып салып, керуен өз бағытымен Шу ауданына жол тартты.