«Көне Тараздан-Асқақ Астанаға» этнографиялық керуен туралы ақпарат
2017 жылдың 20 мамыр күні Тараз қаласынан «Көне Тараз» тарихи мәдени орталығы, Жамбыл ескерткіші алаңынан салтанатты түрде Астана қаласына «Көне Тараздан - Асқақ Астанаға» этнографиялық керуені жол тартты. Керуенді Астана қаласы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, облыс әкімі Кәрім Көкрекбаевпен аймақ атқа мінерлері бастаған тараздықтар салтанатты түрде шығарып салды. Жамбыл облысы филармониясының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі Мәлгеждар Әубәкіровтың «Талас» күйін орындап, «Салтанат» пен «Ақкербез» би ансамбльдері көпшілік биін биледі. Салтанатты жиын Жамбыл Жабаевтың мақамымен айтылған арнау өлеңімен басталды. Жүйрік атпен «Nomad» көкпаршы – каскадер жігіттері еліміздің көк Туын желбіретіп алып шықты. Керуен соңында облыстық филармония жанындағы этнографиялық ұлттық оркестрі өз концерттік бағдарламасымен жұрт назарын аударды. Мырзатай Жолдасбековтің сөзіне жазылған «Таразым» әнін «Тараз-Тарту» квартеті көңілдерді толқыта орындады.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандарылған көрмесіне баратын этнографиялық керуен тараздық жұртшылықтың алдынан салтанатпен жүріп өтті.
Тараздан аттанған «Көне Тараздан-Асқақ Астанаға» этнографиялық керуені Астанаға жеткенше Жамбыл және Қарағанды облыстарындағы жол бойында орналасқан 10 елді мекендерге тоқтайды. Әрбір тоқтайтын пункттерде «ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттауға бағытталған іс-шаралар – концерттік бағдарламалар, киіз үйлер тігіліп, қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері сахналанады, ұлттық спорт ойындары, қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылады.
Бекітілген кестеге сәйкес, ағымдағы жылдың 26 шілдеде керуен Астана қаласына кіреді деп жоспарлануда. Аталған керуенге көрмеге 2000 жылдан астам тарихы бар көне Тараздан тамаша тарту болмақ деп күтілуде.
Ал, үстіміздегі жылдың 29 мамыр күні ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандарылған көрмені кеңінен насихаттау мақсатында Жамбыл облысы орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени алаңынан шыққан «Көне Тараздан-Асқақ Астанаға» этнографиялық керуені Байзақ ауданына ат басын тіреді.
20 боталы түйе, 40 ат пен 6 арба,10 жүк автокөлік, 3 автобус, 6 қызметтік автокөлік пен түрлі саладан 150 адамнан құралған керуенді «Байзақ баба» кесенесі маңында тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мен салт-дәстүрімізді әспеттеген аудан жұртшылығы ыстық ықыласпен қарсы алды. Ат арылтып келген керуеннің алдынан кимешек киген әжелер ұлттық дәстүрмен шашу шашып, қонақтарға бал татыған қымыз ұсынып, қадамына сәттілік тіледі. Ұлттық тағамдардан ауыз тиген керуен басының құрметіне ақындар төгілтіп жырдан шашу шашты.
Ел мерейін өсіретін керуеннің құрметіне Тараз педагогикалық институты, Жамбыл және Байзақ ауданының өнерпаздары «Қыз ұзату» салт-дәстүрін сахналап, бойжеткенге сырға салуға келген жігіттің жеңгелері мен құдалардың тартуы әуезді әнмен өрілді. Ұлттық киім киген арулар, кимешектері күнмен шағылысқан әжелер мен құдалардың жарасымды әзілдері қойылымның ажарын аша түсті.
Көк майсалы шалғын үстінде балуандар белдесіп, бозбала мен бойжеткен «Алтыбақанда» тербеліп жатса, құсбегілер бүркіті мен ертіп, аң аулауға бет алды. Ауыздығымен алысқан тұлпарлар үстінде күші тасыған қарулы жігіттер көкпардың қызығына түсті. Балуандар күш сынасса, асық ату, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындарды қыздырғандар да аз болмады.
«Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында Астанаға бет алған «Көне Тараздан-Асқақ Астанаға» этнографиялық керуені кеш қарая қош айтысып, Т.Рысқұлов ауданына қарай бет түзеп, аялдады.



3 маусым күні Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында керуенді Облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов пен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры М.Сарыбеков, аудан әкімі Ж.Айтақов бастаған құландықтар қарсы алды.
Керуеншілерді аудан тұрғындары дәм - тұзы мен бал тамған қымызын құйып шөлін қандырып, сән – салтанатымен қарсы алды.
Аудан орталығының батысынан орын тепкен әсем де көркем Дендросаябақ аумағына 5 киіз үйлер тігіліп, алтыбақан басында ауыл жастары ауылдың алты аузын айтса, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері мен Т.Рысқұлов ауданының әртістері сахналанған «Беташар» рәсімінің көрінісімен қатар, жаңа түскен келіннің қайны мен қайын сіңілдеріне ат қою, яғни, «Ат тергеу» дәстүрі көрсетілді. Ойын сауықта Тараз Мемлекеттік университетінің студенттері мен Т.Рысқұлов ауданының өнерпаздары аудан жұртшылығы мен қонақтарына концерттік бағдарлама ұсынды.
Ауыл әжелері қазақ үй алдында жүн сабау, жүн түту, текемет басу, күбі пісу, ою өрнек салу ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін ұлттық құндылықтарымызды көрсетсе, ауыл жастары қазақша күрес, арқан тартысып, асық ойнап қазақтың ұлттық ойындарын көрсетті.
Құландықтар қонақжайлылықтарын танытып, өнерлерін көрсетіп, керуеншілерге сәт сапар тілеп, ізгі ниетпен Меркі ауданына шығарып салды.





