ТАРАЗДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ





ТАРАЗДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫТараз төрінде жыр додасы! Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Сөз сайысын ақын, ҚР Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жүргізді. Республиканың түкпір-түкпірінен келген 14 жүйрік ақын өнер көрсетіп, жыр бәйгесінде бақ сынасты. Оларға әділ бағасын берген 7 қазылық құрам айтыстың салмағын арттыра түсті.
Қазылар алқасының төрағасы – айтыс өнерінің жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. Сонымен қатар, әділ қазылар құрамында жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова, ақын, журналист, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов, ақын Ахметжан Өзбеков, журналист, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіманап және айтыскер ақын, сарапшы Өміржан Көпбосынов болды.
Айтысқа Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров арнайы келіп, сөз додасының куәсі болды.